"Соңғы қоңырау күнін 31 мамырдан басқа күнге ауыстыру керек" - депутат

603

Халық қалаулысы мектептердегі соңғы қонырау күнін 30 мамырға немесе 1 маусымға ауыстыруды сұрап отыр.  

"Соңғы қоңырау күнін 31 мамырдан басқа күнге ауыстыру керек" - депутат Фото: parlam.kz

"AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке депутаттық сауал жолдады, деп жазады inbusiness.kz.

Депутат 31 мамыр ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні екенін атап өтті. Оның сөзінше, атаулы күн "Алаш арыстарының ескерткіштері мен мемориалдық орындарына гүл шоғын қоюдан, бірер парақ сөз оқудан аспай тұр".

"Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес, орта білім беретін мектептердегі соңғы қоңырау 36 оқу аптасының соңы 31 мамыр болып бекітіліп отыр. Бұл шешімнің бейіт басында той жасағандай әсер етіп тұрғанын айтпасақ болмайды. Аталған министрлікте осыны уақытында аңғарып, дер кезінде бұл бұйрықта оңтайлы шешім ұсынуға түсінігі жететін бір адамның табылмағаны ма шынымен?! Сондықтан мектептердегі соңғы қоңырау күнін 30 мамырға немесе 1 маусымға ауыстыру керек. Бұл – ешқандай талқылауды қажет етпейтін әділетті талап", - деп атап өтті ол.

Бұдан бөлек депутат Үкіметтің 31 мамырдың мән-маңызына, салмағына лайықты шараларды іске асыруға тиіс деп есептейтінін жеткізді.

"Атап айтқанда, "Жалпы халықтық үнсіз еске алу минуты" шарасы дәстүрлі өтуі керек. Телеарналарда әзіл-қалжың, шоу бағдарламалар, эстрадалық концерттер тоқтатылып, оның орнына ел тарихындағы қасіретті күндерді жас ұрпақтың жетік түсінуіне жол ашатын мазмұнды бағдарламалар көрсетілуге тиіс. 31 мамыр күні әр ата-ана отбасындағы тәлімді әңгімесін, ұстаз сабағын, дін өкілдері уағызын, министрлер мен әкімдіктер, мемлекттік мекемелер мен жеке секторлар сол күнгі жиналысын, жұмыс күнінің басын ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске еске алумен бастауы тиіс. Мектептердегі соңғы қоңырау күнін 31 мамырдан басқа күнге ауыстыру керек", - деді Аманжол Әлтай.

Сонымен қатар балабақшалар мен мектептерде, ЖОО-да арнайы дәрістерді, зиялы қауым және тарихшылармен кездесу кештерін өткізуді жолға қою қажеттігіне де баса назар аударды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу