Соңғы үш жылда әлемде токенделген активтер нарығы 12 есе өсті – Тимур Сүлейменов

344

Былтыр стейблкоиндер айналымы 50 трлн доллар болды. 

Соңғы үш жылда әлемде токенделген активтер нарығы 12 есе өсті – Тимур Сүлейменов Фото: Үкімет

Соңғы бірнеше жылда цифрлық активтер әлемдік қаржы жүйесінің тұрақты бір бөлігіне айналды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Соңғы бірнеше жылда цифрлық активтер әлемдік қаржы жүйесінің тұрақты бір бөлігіне айналды. Бүгінде нарықтың жаһандық аудиториясы шамамен 750 млн адамды құрайды. Нарықтың капиталдануы 2,3 трлн долларға жетті. Өткен жылы стейблкоиндер айналымы 50 трлн доллар құрады. Соңғы үш жылда токенделген активтер нарығы 12 есе өсті", – деді Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, бүгінде жаһандық деңгейде үш негізгі үрдіс қалыптасты:

– Біріншісі – тыйым салудан ресми лицензиялауға, қадағалауға және ортақ халықаралық стандарттарға көшу;

– Екіншісі – цифрлық активтерді банктермен, төлем инфрақұрылымымен және капитал нарығымен интеграциялау;

– Үшіншісі – практикалық қолдануға көшу. Цифрлық активтер трансшекаралық төлемдерде, кастодиандық сервистерде, нақты және қаржылық активтерді токендеуде қолданылады.

Ұлттық банк басшысының пікірінше, Қазақстанның міндеті – бәсекеге қабілетті реттелетін нарық құру. 

"Қазақстан реттелетін нарықты 2022 жылы қалыптастыра бастады. АХҚО ("Астана" Халықаралық қаржылық орталығы) криптобиржаларының банктермен өзара іс-қимыл механизмі іске қосылды. Алғашқы реттелетін криптофиаттық арна пайда болды. 2023 жылы "Цифрлық активтер туралы" Заң қабылданды.  2025 жылдың қорытындысы бойынша АХҚО провайдерлерінің операциялар көлемі 10,6 млрд долларға жетті. Клиент саны шамамен 215 мың адамды құрады. Алайда бұл режим тек АХҚО аясында жұмыс істеді және бүкіл ішкі нарықты қамтымады", – деді ол.

Өткен жылғы шілдеде Ұлттық Банк цифрлық активтер саласындағы жаңа өнімдер мен бизнес-модельдерді енгізу үшін "реттеуші сынақ алаңын" құрды. Қазіргі уақытта ол алаңда 14 бағыт бойынша 34 жоба іске асырылып жатыр. Олардың ішінде стейблкоиндер, токендеу, криптобиржалар, кастодиандық және криптофиаттық сервистер бар. Осы жылы банктер туралы жаңа заңнама аясында цифрлық активтер саласында ауқымды реформа жүргізілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу