Соңғы үш жылда балалар үйінің 517 түлегі баспаналы болды

Биылдың өзінде 134 жетім балаға пәтер берілді.  

Соңғы үш жылда балалар үйінің 517 түлегі баспаналы болды Фото: google

Павлодар облысында жыл санап патронаттық отбасылар, тәлімгерлер мен қамқоршылар көбейіп келеді. Аймақтың басшысы Әбілқайыр Сқақов оларды қамқоршы күнімен құттықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Мәселен, Вадим мен Тамара Мороз 2016 жылдан бері қамқоршылар қатарында. Олардың шешіміне отанасының жұмысы әсер етті. Қазір отбасы алты  баланы қамқорлығына алып, тәрбиелеп отыр. Олардың үлкендері – Татьяна мен Валентина студент атанып үлгерді.

"Балалар үйінде жұмыс істегендіктен, түлектерге тәуелсіз өмір бастауда қолдау қажет екенін білдім. Мен балалардың көбіне көмектескім келді. Сондықтан, жұбайым екеуміз бала асырап алуды шештік. Осылайша, отбасымызда қамқорлыққа алынған балалар пайда болды", - дейді Тамара Мороз. 

Ал дизайнер Ольга Кутенкина бес жыл бұрын тәлімгерлік жолын таңдады. Ол 17 жасар Милена үшін анасы, досы әрі өзінің сүйікті кәсібі - тігін ісі бойынша ұстазына айналды.

"Біз жылы әрі мейірімді қарым-қатынас орнаттық. Қызыма болашақ өмірде қолдауды сезініп, өзіне сенімді болуы үшін үнемі көмектесемін", - деді тәлімгер.

Бұл ретте балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қатысты мәселелер де қозғалды. Жергілікті биліктің мәліметі бойынша, соңғы үш жыл ішінде өңірде бала асырап алушы ата-аналардың 9 мектебі ашылды. 2020 жылдан бері мемлекеттік қордан балалар үйінің 517 түлегі баспана алса, биыл 134 жетім бала пәтер кілттеріне ие болды.

 "Жаса" одағы" қоғамдық қорының директоры Денис Лукянчук атаулы күнге орай балалар үйінің тәрбиеленушілеріне Ақтау қаласына саяхаттауға жолдама сыйлады. 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу