Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы елордадағы ақылы тұрақтар мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Конституцияның 6-бабына сүйенетін болсақ, еліміздегі жердің иесі халық екенін білеміз. Мемлекет тек қана меншік құқығын жүзеге асырушы, бірақ мемлекет сол халықтан, яки жердің иесімен ақылдаспай-ақ 2018 жылдан бері осы қаладағы барлық қоғамдық жерлерде ақылы автотұрақтар құрды және оны жекеменшік компанияларға беріп тастады. Соңғы үш жылдағы, 2021-2024 жылдардағы мәліметтерге тоқталсам, ақылы автотұрақтарға астаналықтар 726 млн теңге төлесе, соның 617 млн-ы жекеменшік компанияның қалтасына кетті. Бұл бюджеттен тыс кетті деген сөз", – деді депутат.
Нартай Сәрсенғалиев ақылы автотұрақтарға қатысты нақты сұрақ қойды.
"Осы ақылы автотұрақтарды құру және оны жекеменшік компанияларға беру туралы идеяның авторы кім? Соны маған атап берсеңіз. Екіншіден, әкімдіктің мамандарымен жұмыс істеген кезде осы 2025 жылдың 1 маусымына дейін ақылы автотұрақтардың барлығы жекеменшік компаниядан әкімдіктің иелегіне өтеді деді, яки мемлекеттің меншігіне өтеді. Ендеше осы автотұрақтар мемлекеттің меншігіне өткеннен кейін халық қоғамдық жерлерді тегін пайдалануға, сол жердерде көліктерін тегін қоюға мүмкіндік ала ма, жоқ па?", – деді Мәжіліс депутаты.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаевтың сөзінше, ақылы тұрақтар 2018 жылы әкімдікпен құрылған.
"Парковочное пространство Астаны" деген жеке компания. Директоры – Шыңғыс Садуов, қателеспесем, өзі құрылтайшы. Қазіргі таңда Астана қаласының әкімдігі мен сол компания арасында келісімшартты бұзу туралы қол қойылды. Мүлікті мемлекетке өткізу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта бұл жұмыспен тек мемлекеттік мекеме айналысатын болады. Ақылы тұрақтар – ірі қалаларда халықаралық деңгейде қолданылатын бір механизмнің бірі", – деді әкімдік өкілі.
Нартай Аралбайұлы 2018 жылдан бастап 2022 жылдың желтоқсанына дейін ақылы автотұрақтан түскен ақшаның 95 пайызы жекеменшік компанияға кетіп отырғанын жеткізді.
"Бес-ақ пайызы қаланың бюджетіне кетті. Бүгінге дейін 75 пайызы жекеменшік компанияға кетті, ал 25 пайызы ғана бюджетке түсіп отырады. Енді сіздің сөзіңізден ұққаным, ақылы автотұрақтарды құру және оны жекеменшік компанияға беру туралы шешім Астана қаласы әкімдігінің шешімі болған", – деді мәжілісмен.
Айта кету керек, осыған дейін Астанада бір пәтерге 800 адам тіркелгенін жазған болатынбыз.