Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков елдің Бәткен облысындағы қырғыз-тәжік шекарасында болған жағдайға байланысты отырыс өткізді. Кеше ол жерде атыс болып, салдарынан Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметі арнайы жасағының қызметкері мен Тәжікстанның 3 шекарашысы қаза тапқан болатын.
Мемлекеттік шекара қызметінің дерегі бойынша, шиеленістің басталуына тәжікстандықтардың қос ел арасындағы даулы жерде құрылыс жүргізуі себеп болған. Бұған жауап ретінде Қырғызстан азаматтары да сол аймақта құрылыс жүргізе бастаған.
Тәжікстанның шекара қызметінің айтуынша, олар қырғызстандықтардан нысандарды салуды тоқтатуды сұраған. Қырғыз тарапы осы жерге әскерилерін шоғырландырды, кейін олар бейбіт тұрғындарға оқ жаудыра бастады, деп хабарлады Тәжікстанның шекара қызметі.
Ал қырғыз шекарашылары болса, атысты бірінші болып тәжік әскерилері бастады деп отыр.
Соңғы ресми дерек бойынша, қақтығыс салдарынан Равшан Муминов есімді прапорщик ажал құшып, тағы алты кісі түрлі деңгейде жарақат алған.
Осы оқиғадан кейін Бәткен облысына Қырғызстанның премьер-министрі Мұхамедқалый Әбілғазиев сапармен келген. Жақын арада шиеленісті реттеуге қатысты келіссөздер өткізілмек. ҚР президенті Сооронбай Жээнбеков жиын барысында жағдайдың ушығып кетуін болдырмай, жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Табиғат Нұрболат