Сорбұлақта жоғалған тікұшақты іздеу жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде

720

Қорғаныс министрлігі Сорбұлақ су қоймасы маңында 25 шілдеде жоғалып кеткен EC-145 тікұшағына байланысты ресми мәлімдеме жасады.   

Сорбұлақта жоғалған тікұшақты іздеу жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде Фото: Қорғаныс министрлігі

Ведомствоның хабарлауынша, жоғалған тікұшақ бортындағы адамдарды іздеу-құтқару операциясы күшейтілген режимде және тәулік бойы жүргізіліп жатыр.

Әзірге тікұшақ табылған жоқ, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ауқымды операцияға 400-ге жуық адам, 70-тен астам жер үсті техникасы, 21 жүзу құралы, 10 ұшқышсыз ұшу аппараты (ҰҰА), эхолоттар мен су асты сканерлеу құрылғылары, сондай-ақ кинологиялық топтар жұмылдырылған.

Іздеу жұмыстарына ҚР Қарулы Күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры Асқар Ізбасов жетекшілік етіп, барлық бөлімшелердің жұмысын үйлестіріп отыр.

Құтқару операциясына тартылған күштер:

  • Қорғаныс министрлігі: 193 әскери қызметкер, 25 техника, 8 жүзу құралы, 4 ҰҰА;
  • Төтенше жағдайлар министрлігі: 87 адам, 22 техника, 10 жүзу құралы, 7 ҰҰА, 2 эхолот, сүңгуірлер, 2 кинологиялық топ;
  • Ішкі істер министрлігі: 102 қызметкер, 30 техника;
  • Әкімдік: 2 автокөлік, 3 жүзу құралы.

Іздеу жұмыстары акватория мен жағалауды кешенді зерттеу арқылы, қиын жететін және терең учаскелерді қамти отырып жүргізіліп жатыр. Мамандар күндіз-түні тоқтаусыз жұмыс істеуде.

Сорбұлақтың ерекшеліктері іздеу жұмыстарын қиындатып отыр. Бұл – Алматы облысының солтүстік-батысында орналасқан үлкен жасанды су қоймасы, түбінің рельефі күрделі, суы лай және тереңдігі кей тұстарда 22 метрге дейін жетеді.

Жоғалған тікұшақ экипажы мен бортындағылардың туыстарымен тұрақты байланыс орнатылып, операция барысы туралы ақпарат уақтылы жеткізіліп отырады.

Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі құтқарушылары жоғалып кеткен әуе кемесінің бөлшектерін тапқан болатын.

Әскери тікұшақ 25 шілде күні радардан жоғалып кетті. Бортта үш экипаж мүшесі болған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу