Сот Абылай Мырзахметовтің жазасын жеңілдетпеді

Экс-шенеуніктің өтінішхаты 28 қаңтарда қаралған.

Сот Абылай Мырзахметовтің жазасын жеңілдетпеді Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Павлодар соты бұрын жауапты қызметте болған Мырзахметовтың бас бостандығын шектеуді жеңіл жазамен ауыстыруға жеткілікті негіздер таппаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұған дейін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов сотқа жүгініп, жазасын жеңілдетуді сұраған болатын. Бұл туралы Павлодар қаласы №2 сотының баспасөз қызметі хабарлады.

– 2025 жылғы 28 қаңтарда Павлодар қаласының №2 соты сотталған Абылай Мырзахметовтің жазасын өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл, яғни бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға ауыстыру туралы өтінішхатын қарап, жазасын өтеу мерзімінің барлық кезеңінде, оның ішінде күзетпен ұстау уақытындағы тәртібі туралы мәліметтерді зерделеп, процеске қатысушылардың пікірін тыңдады, – делінген сот хабарламасында.

Қылмыстық кодекске сәйкес, сотталушының мінез-құлқында оң өзгерістер байқалса және дәлелденсе, жазаны жеңілдету көзделген.

– А.Мырзаметовтің мінез-құлқында оң өзгеріс жоқ және жазасын өтеу дағдылы жағдайға жатады. Жазасын өтеудің барлық кезеңінде сотталған адам еңбекке адал қатынасы үшін тек 1 көтермелеу алды, бұл – заңға сәйкес сотталушының негізгі міндеті. Қорытындылар бойынша сот жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеу түріндегі неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыруға жеткілікті негіздер таппады. Осыған байланысты сотталған адамның өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылды, – деп ақпарат таратқан Павлодар қалалық соты.

Сот қаулысы заңды күшіне енбеген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу