15 сәуірде сот адвокат Ерлан Ғазымжановқа қатысты жеке қаулы шығарды. Ол заңнаманы, заң көмегін көрсету принциптерін және адвокаттардың этика кодексін өрескел бұзды деп айыпталды. Алайда қорғаушы соттың шешімімен келіспей, апелляциялық инстанцияға жеке шағым түсірді. Сот бүгін істі қарастырып, судья Элеонора Оңғарсынованың төрағалығымен өткен алқа жеке қаулыны өзгеріссіз, шағымды қанағаттандырмау туралы шешім қабылдады, деп жазады inbusiness.kz.
Элеонора Оңғарсынова адвокат Ерлан Ғазымжановтың Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 15 сәуірдегі жеке қаулысына жеке шағымы бойынша үкім шығарды.
"Астана қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қаулы етеді:
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 15 сәуірдегі қылмыстық іс бойынша адвокат Ғазымжановқа қатысты Бишімбаев пен Байжановқа қатысты жеке қаулысын өзгеріссіз, адвокаттың жеке шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Қаулы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енеді", — делінген сот қаулысында.
Сот қаулысына ҚР ҚІЖК-нің 475-бабында көзделген мерзімдерде және негіздер бойынша шағымдануға және наразылық білдіруге жол берілмейді.
Сот алқасының төрағасы Элеонора Оңғарсынова қабылданған қаулыны егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
"Адвокаттың жеке шағымының дәлелдері расталмады. Аудио және бейнетіркеуді, сот отырысының хаттамасын зерделеу адвокат Газымжанов тарапынан сотты құрметтемеу туралы бірінші сатыдағы соттың дәлелдері расталды. Төрағалық етушінің талаптарына бағынбай, адвокат өзінің әрекеттерімен негізгі сот отырысының тәртібін бұзып қана қоймай, іс бойынша сот тергеуінің қалыпты жүруіне кедергі келтірді", — деді төрайым.
Адвокаттың мүддесін Лейла Рамазанова мен Назкен Құсайынова қорғады. Олар оның дәлелдерімен келісті.