Сот Қафизовты өмірбақи бас бостандығынан айыруға үкім шығарды

1759

Айыптау нұсқасында ер адамның әйелі мен қыздарын өлтіріп, содан кейін қылмыстың іздерін жасыру үшін олармен бірге үйді өртегені айтылады.

Сот Қафизовты өмірбақи бас бостандығынан айыруға үкім шығарды

БҚО-да әйелі мен екі қызын өртеп жіберген Тасқала ауданы Ақтау ауылының тұрғыны Серік Қафизов өмірбақи бас бостандығынан айырылды. Бұдан бөлек, сот оған 45 млн моральдық және 3 млн материалдық шығын төлеуге үкім шығарды. 

Судья Бақыт Ермаханов мұндай сот үкіміне Қафизовтың "қылмысты ерекше қатыгездікпен жасағандығы, сот кезіндегі сотталушының цинизм танытуы" сияқты факторлардың себеп болғанын айтады.

Тергеу барысында анықталғандай, ол бұл қылмысты бүге-шігесіне дейін жоспарлап барып жүзеге асырған: алдын-ала бензин сатып алып, машинаны анасының үйіне апарып қойып, телефонның жадын тазартып, оны көлікте қалдырады. Сондай-ақ, жантүршігерлік қылмысты жасау барысында оның ақыл-есінде ешқандай кемшілік болмаған және сот тарапынан да Қафизов психикалық сау адам ретінде танылды. 

Айта кетейік, оқиға 2020 жылдың 9 сәуіріне қараған түні Тасқала ауданы Ақтау кентінде болған еді. Әйелі Жадыраның сотқа ажырасуға арыз бергенін естіген Серік Қафизов өзімен бірге жанар-жағармай әкеліп, ұрыс-керістен кейін жұбайы Жадыраны, мектеп жасындағы қыздары Айша мен Инабатты өртеп жібереді.

Қылмыскердің өзі "байқамай жасағанын" алға тартып, адвокаты істі "абайсызда кісі өлтіру" бабымен қарауды сұрағанмен, айыптау нұсқасында ер адамның әйелі мен қыздарын өлтіріп, содан кейін қылмыстың іздерін жасыру үшін олармен бірге үйді өртегені айтылады.  

Жадыраның апасы Жәнияның болжамынша, үй өртенген кезде марқұм сіңлісі есінен танып жатуы мүмкін.

"Маған Серік үйде балалардың барын білді ме, жоқ па деген сұрақ маза бермейді. Өрт оқ емес қой, дереу өлтірмейді. Үй жанып кеткенше де уақыт керек. Мен Жадыра тірі болса, жанталасып, қыздарды аман алып қалуға әрекет етуі керек еді ғой деп ойлаймын. Соған қарағанда, Серік оны алдымен есінен танғанша ұрып тастаған сияқты. Бірақ, оны судмедэкспертиза арқылы анықтау мүмкін емес. Мәйіт қатты күйіп кеткендіктен өлімнің неден болғанын анықтай алмайды екен. Мен ол қыздардың үйде екенін білгеніне де сенімдімін. Олардың тірі екенін, тірілей жанып кететінін де білді", – дейді Жәния. 

Оның бұлай деуі себепсіз емес. Серік Қафизов отау құрған он жыл ішінде Жадыраны ұрып-соғумен келген. Төркініне қашып келген жерінен сүйрелеп алып кеткен кезі де, электрошокермен қинаған сәттері де болған. Бірнеше рет әйелі ажыраспақ болғанда ауылдың үлкендері, қайын жұрты араға түсіп, "үйлесіп кетесіңдер", "балалар үшін шыдаңдар" деген желеумен қайта қосып отырыпты. Ауыл-аймақ, туыс-туғанның немқұрайлылығы мен әйелдің ерден шыққанша таяқ жеп жүре бергенін абырой көретін жалған намыс та үш адамның өліміне әкеп соққан сыңайлы. 

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ және жоғары тұрған сот органына шағым жасалуы мүмкін.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу