Алтын кенішіндегі ойыққа түсіп қаза болған төрт құтқарушының бірі, марқұм Олег Тышкевичтің туыстарының әрқайсысы жұмыс берушіден 7,5 млн теңгеден алатын болды. Қаулы заңды күшіне енді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Айта кетейік, қайтыс болған құтқарушы Олег Тышкевичтің анасы, қызы, ұлы және әпкесі марқұмның қызметтік міндеттерін атқару кезінде қайтыс болуына байланысты моральдық залал өтеуді талап етіп сотқа жүгінген болатын.
Моральдық зиян олардың ұлынан, әкесінен, ағасынан айырылуының ауырлығынан, жерлеу кезінде онымен қоштасуға мүмкіндік болмауынан, жұмыс берушінің көңіл айтып, қолдау көрсетпеуінен талап етілді.
Екібастұз қалалық соты болған жазатайым оқиғаға жұмыс берушінің 100% кінәсін негізге ала отырып, қайтыс болған құтқарушының туыстарының талаптарын толық көлемде қанағаттандырып, әрбір туысының пайдасына қойылған талап көлемінде 30 000 000 теңгеден, жалпы сомасы 120 млн теңге моральдық зиян өндіру туралы шешім қабылдаған болатын.
Кінәлі болып табылған "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы" ЖШС бұл іс бойынша Павлодар облыстық сотына жүгінген.
— Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, әрқайсысының пайдасына моральдық шығын көлемі 7 500 000 теңгеге дейін азайтылды.
Бұл ретте сот алқасы келесіні ескерді: моральдық зиянның өтемақы мөлшерін анықтау кезінде бірінші сатыдағы сот еңбек қызметімен байланысты Өндірістегі жазатайым оқиға туралы актіні, жұмыс берушінің кінәсін 100% анықтаған жазатайым оқиғаның мән-жайын арнайы тергеп-тексеру актісін басшылыққа алды.
Бұл ретте сот арнайы тергеп-тексеру актісіне сәйкес жазатайым оқиғаның, еңбек қызметімен байланысты Өндірістегі жазатайым оқиға туралы актінің себептерін:
— "Майқайыңалтын" АҚ жауапты тұлғаларының тарапынан жұмыстың қауіпсіз жүргізілуіне өндірістік бақылаудың жеткіліксіздігі, жұмыстың қанағаттанарлықсыз ұйымдастырылуы;
— блоктарды өндіру кезінде қазбалардың құлау процесін жеткіліксіз бақылау;
— II кен массасын және таудан жоғары және төмен +90 м (160) кен орнын игеру кезінде тау-кен қондырғыларын дамыту жобаларының болмауын (әзірленбеген) ескермеді.
Яғни, жазатайым оқиға "Майқайыңалтын" АҚ өндірістік қызметімен байланысты, - деп мәлімдеді Палводар облыстық сотының баспасөз қызметінен.
Бұл мән-жайларды сот моральдық зиянның өтемақысы мөлшерін анықтаған кезде ескеруі тиіс.
Ақылға қонымдылық, әділдік және жеткіліктілік критерийлерін басшылыққа ала отырып, алқа бұл жағдайда жауапкерден талап қоюшылардың пайдасына туысының қайтыс болуына байланысты келтірілген моральдық зиян өтемақысын әрқайсысына 7 500 000 теңгеден өндіру қажет деген қорытындыға келді.