Шымкент қаржы басқармасының бұрынғы басшысы сот шешіміне шағымданды. Ол лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп танылған болатын, деп жазады inbusiness.kz Otyrar.kz порталына сілтеме жасап.
Ресурстың жазуынша, былтыр мамыр айында сот қаржы басқармасының басшысын қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп тапқан. Ол 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот мәліметіне сәйкес, бұрынғы бас қаржыгер Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына 1 млрд 118 млн теңге шығын келтірген. Алайда айыпталушы тарап сот шешімімен келіспей, үкімге шағымданғаннан кейін сотталушы шартты мерзіммен шектелді.
Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының төрағасы Алпысбай Нәлібаевтың айтуынша, бұл іс резонанс тудырған.
"Дегенмен сот оның кінәсі бар деген қорытындыға келді. Ұжымдық шешім болса да, оны әлі де кінәлі деп таптық. Ол 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, алайда қалалық сот үкімді өзгертті. Аппеляция оның үкімін бас бостандығын шектеуге өзгертті", - деді.
Іс материалдарына сәйкес, 2019 жылдың аяғында Шымкенттің бұрынғы бас қаржыгері – "Шымкент ӘКК" компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі жаңа ғимараттағы пәтерлерді сатуға дауыс берген. Тұрғын үй құрылысына 4 млрд 800 млн теңге жұмсалған. Жиналыстың шешімі бойынша барлық шаршы метр 3 млрд 700 млн теңгеге сатылуы тиіс болған. Қаржы басқармасының экс-басшысына қатысты қылмыстық іс 2021 жылы қозғалып, тергеу 8 айға созылды.