Судьялар корпусының кәсібилігін, жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруды көздейтін құжатта судьяларды іріктеу мен кәсіби қызметін бағалау тетігін жетілдіру, судьяларды жауапқа тартудың ескірген мерзімін ұлғайту, соттарды қаржыландырудың жаңа моделін белгілеу мәселелері қамтылған.
Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті мүшелерінің түсіндіруінше, соттарды қаржыландырудың жаңа моделін белгілеу, сондай-ақ судьялардың өзін-өзі басқару органдарының қаражатты бөлуі сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ сот төрелігін толық әрі тәуелсіз жүзеге асыру мүмкіндігін жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Белгілі болғандай, заң жобасын талқылау барысында тәртіптік іс жүргізу аясында судьяның іс-әрекетін тексеру үшін оған қатысты материалдарды сот жюриіне беру мәселелесін облыстық соттың жалпы отырысының талқылауына шығару мерзімін нақтылау бойынша түзету қабылданды.
"Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Конституциялық заңның 30-бабына облыстық соттың судьясы қызметіне үміткер, құқықтың жекелеген салаларының мамандары болып саналатын адамдарды конкурстық іріктеуге қатысты түзету енгізілді. Сондай-ақ аудандық соттарда тең дәрежелі лауазымдарға кандидаттарды іріктеу кезінде шалғайдағы және құрамы аз соттарда кемінде 5 жыл жұмыс істеген судьяның басымдығына қатысты түзету енгізілді. Бұған қоса құқықтық олқылықтарды болғызбау, заң жобасының нормаларын бір-біріне және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне сәйкес келтіру мақсатында заң жобасының тұтас мәтіні түзетілді.
Қанат Махамбет