Сотта Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыз бен Мейрамгүлді қалай өлтіргенін айтты

223

Айыпталушының сотқа дейін берген айғақтарының бейнежазбалары көрсетілді.  

Сотта Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыз бен Мейрамгүлді қалай өлтіргенін айтты Фото: stan.kz

Атырауда Жангелдин ауылындағы отбасының өліміне қатысты іс бойынша кезекті сот процесі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты AtyrauPress  басылымына сілтеме жасап. 

Айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің сотқа дейін берген айғақтарының бейнежазбалары көрсетілді. Күдікті Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаны қалай өлтіргенін айтып берді.

Сәрсемәлиевтің сөзінше, Мұнайшы шағын ауданындағы жалдамалы үйде Наурызбен сөзге келіп, арты төбелеске ұласқан. Ол төбелес кезінде Наурыз оны қылқындырғанын айтты. 

"Наурыз мені және ата-анамды қорлайтын сөздер айтты. Балаларымды тартып ала ма деп қорықтым. Арамызда жанжал болып, төбелестік, кейін ас үйге дейін жеттік. Сол жерде ол мені қылқындырды. Мен оны үстелдің үстінде болған пышақпен ұрып жібердім. Сол жақ қолтық тұсынан ұрдым", – делінген іс материалдарында.

Айыпталушы бірнеше рет пышақ сұққанын мойындады, алайда олардың нақты санын айтпады. Оның сөзінше, соққылар қолтық және арқа тұсына тиген. Сұлтан Сәрсемәлиевтің айтуынша, ол сыртқа жүгіріп шығып, шамамен 20 минуттай аулада болған. Кейін ол үйге қайтадан кіріп, Наурыздың қимылсыз жатқанын көрген. Сол сәтте айыпталушы Наурыздың қайтыс болғанын түсінген.

"Наурыз бірден өлген жоқ. Менде алғаш рет осындай жағдай болды, мен тіпті мал да сойып көрмеппін. (...) Сағат 11-ден бастап сыртта жүрдім. Сағат беске қарай ешкімге ештеңе айтпау туралы шешім қабылдадым. Егер айтсам жанжал ушығып, балаларымды тартып алады деп ойладым", – деді сотталушы.

Іс материалдарына сәйкес, ол түнде үйдің жанынан шұңқыр қазып, қараңғы түскен соң сол жерге мәйітті жасырған.

Сотта Мейрамгүл Қарабалинаның өліміне қатысты да деректер айтылды. Айыпталушының сөзінше, ол ата-анасы қайтыс болғаннан кейін қызды Мұнайшы ауылына алып келген. Алайда олардың арасында жанжал туындаған. 

"Мен шыдай алмадым. Оған пышақ сұқтым. Басында соққының қай жерге тигенін нақты білмеймін, бірақ бет тұсына тигізгенім есімде", – делінген оның айғақтарында.

Тергеу деректеріне сәйкес, Сәрсемәлиев Мейрамгүлге 32 рет пышақ сұққан. Ақбаян басқа бөлмеде ұйықтап жатқаны айтылған. Кейін айыпталушының айтуынша, ол Наурыздың денесін бұрын жасырған жерге қайта барып, сол шұңқырға Мейрамгүлдің денесін көмген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу