Балаларды қорғау күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысындағы №16 мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталғандар Сәбилер үйінің кішкентай тәрбиеленушілеріне арнап игі іс жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олар өз қолдарымен құмсалғыш, ойыншық сақтайтын сандық және ыңғайлы орындық жасап, балалар мекемесіне табыстады. Әрбір бұйым балаларға қуаныш сыйлау мақсатында ерекше ықыласпен және жауапкершілікпен дайындалған.
Бұл бастама сотталғандардың еңбек дағдыларын дамытуға, әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға және қоғамға пайдалы іс жасауға деген ұмтылысын қалыптастыруға бағытталған тәрбиелік жұмыстың бір бөлігі ретінде жүзеге асты.
Мұндай шараларға қатысу сотталғандарға игі іс арқылы қоғамға пайда келтіруге мүмкіндік беріп, олардың әлеуметтік бейімделуіне оң ықпал етеді.
Сыйға берілген бұйымдар балалардың таза ауада ойнап, демалуына қолайлы жағдай жасап, олардың бос уақытын қызықты әрі жайлы өткізуіне септігін тигізбек.
– Балаларға қамқорлық көрсету әрқашан әлеуметтік жұмыстың маңызды бағыты болып қала береді. Осындай игі істер сотталғандарға адал еңбектің құндылығын түсінуге және қоғамға пайдалы болуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
Мұндай қайырымдылық шаралары қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде игі дәстүрге айналып, ізгілік пен мейірімділіктің адамды оң өзгеріске бастайтынын тағы бір мәрте көрсетті.