Жаңа ережеге сәйкес, сот үкімі немесе қаулысы күшіне енгеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде жергілікті әкімдік:
-
сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша қоғамға пайдалы еңбек түрін анықтайды;
-
қоғамдық жұмысты ұйымдастыру туралы өкім шығарады;
-
пробация қызметіне үкімнің (немесе қаулының) алынғаны және қоғамдық жұмысты ұйымдастыру туралы өкімнің көшірмесін жолдайды.
Сонымен қатар әкімдік:
-
сотталған адамды арнайы киіммен (жилетпен) және жұмысқа қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді;
-
пробация қызметіне атқарылған уақыт табелін, істелген жұмыс актісін және тәртіп туралы мәліметті жібереді;
-
сотталған адамның қоғамдық жұмыстан жалтарғаны анықталған жағдайда, бұл туралы дереу хабарлайды.
Құжатта сотқа дейінгі пробацияның да қолданылу тәртібі нақты көрсетілген. Ол күдіктілер мен айыпталушыларға ерікті түрде ұсынылады. Пробацияға жататындар:
-
кәмелетке толмағандар;
-
мүгедектігі бар азаматтар;
-
әйелдер (58 жастан асқандар, жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баласы барлар);
-
ерлер (63 жастан асқандар немесе үш жасқа дейінгі баланы жалғыз тәрбиелеп отырғандар).
Жаңартылған қағида 2025 жылғы 14 қазаннан бастап күшіне енеді.