Сотталғандардың құқығын қорғауға қатысты заңға түзету енгізіледі

904

Мәжілістегі үкімет сағатында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев сотталғандардың құқығын қорғау мәселесі ерекше бақылауда екенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Сотталғандардың құқығын қорғауға қатысты заңға түзету енгізіледі

"Заңсыз заттарды анықтауға бағытталған тексеру тәртібі өзгерді. Енді, мұндай тексеру адам құқықтарын қорғау ұйымдарының, прокурорлардың қатысуымен және бейнекамераға түсіру арқылы жүзеге асырылады. Сотталғандардың туыстарымен қарым-қатынаста болуы үшін бейнебайланыс ұйымдастырылуда. Бұл тәжірибе карантин кезінде өте тиімді болды", – деді министр. 

Ерлан Тұрғымбаев сотталғандардың арызын тікелей қабылдау үшін 121 электронды терминал орнатылғанын айтты. 

"Электронды терминалдар қолданысқа берілгеннен бері мекеме басшылығына қатысты жолданатын арыз-шағым 4%-ға қысқарды", – деді министр. 

Оның айтуынша, сотталғандардың құқығын қорғауға байланысты заңға түзету енгізу жоспарланып отыр. Құжат ауыр науқастардың жаза мерзімін кейінге қалдыру, қатты ауруына байланысты босату туралы сот шешімін тез орындау, сотталғандарды басқа мекемеге ауыстырғанда прокурорларға хабарлама жіберу, сотталғандарды емдеу орталықтарын Денсаулық сақтау министрлігіне беру және басқа да өзгерістерді қамтиды.  

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу