Сотталушы ота жасаудан бас тартқан Ұлттық нейрохирургия орталығын сотқа берген

305

Сот орталықты талап қоюшыға емделуге қажетті жағдай жасауды міндеттеді. 

Сотталушы ота жасаудан бас тартқан Ұлттық нейрохирургия орталығын сотқа берген Фото: pavon.kz

Қызылордадағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталушы нейрохирургтың қорытындысы бойынша бел омыртқасына қайталап ота жасау үшін Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығына жіберілген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Орталық "Емдеуге жатқызу бюросы" порталы арқылы жоспарланған ауруханаға жатқызуды мақұлдап, операцияны тағайындаған. Сотталушы ем алу үшін конвоймен Астанаға жеткізілген.

Алайда медициналық мекемеге келгеннен кейін конвойленген адамдарға арналған мамандандырылған палатаның болмауына байланысты оны ауруханаға жатқызудан бас тартылған.

Сотталушы ауруханаға жатқызудан бас тартылғанын көрсетіп, сотқа шағым түсірген.

"Бірінші сатыдағы сот істі қарап, Орталықтың бас тартуын заңсыз деп тапты. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекстің 4-бабына және Қылмыстық-атқару кодексінің 143-бабына сәйкес, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде отырған адамдар толық медициналық көмекпен қамтамасыз етілуі тиіс. Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген Медициналық көмек көрсету қағидаларына сәйкес, медициналық ұйымдар қамауда ұсталған адамдарды ауруханаға жатқызу үшін қауіпсіздік шараларымен жабдықталған оқшауланған палаталарды қамтамасыз етуге міндетті. Сондай-ақ сот Орталықтың науқасты қабылдауға дайын екенін және ауруханаға жатқызу мерзімін белгілегенін бұрын ресми түрде растағанын атап өткен", – делінген хабарламада.

Сот жоспарланған ауруханаға жатқызуға кедергі болатын күтпеген жағдайларды анықтаған жоқ.

Сондықтан, ауруханаға жатқызудан бас тарту заңды күту қағидасын және азаматтың медициналық көмекке құқығын бұзған заңсыз деп танылды. Сот талап қоюды қанағаттандырып, Орталыққа талап қоюшыға емделуге және ота жасауға қажетті жағдай жасауды міндеттеді. Сондай-ақ сот денсаулық сақтау министріне алдағы уақытта осындай заңбұзушылықтарға жол бермеу шараларын қолдануды талап етіп, жеке ұйғарым жолдады.

Сот актілері заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу