Сотталушылар бастықтың бұйрығымен пәтер жөндеген

1054

Қарағанды қаласындағы тергеу изоляторының бастығы жазасын өтеушілерді емін-еркін пәтер жөндеуге жіберіп отырған.  

Сотталушылар бастықтың бұйрығымен пәтер жөндеген

Қарағанды қаласында 16-шы түрме деп аталып кеткен тергеу изоляторының бастығы үш жазасын өтеушіні пәтер жөндеуге жіберіп отырған. Тергеу изоляторы бастығының бұйрығымен айыпталушылар жаңа тұрғын үй кешеніне барып, күндіз пәтер жөндеумен айналысқан. Түрмедегі кезекші бөлімнің мамандары бастықтың пәрменінен қорқып, камерада отыруы тиіс айыпталушыларды күндіз жөндеу жұмыстарына босатып отырған. Жазасын өтеушілер күзеті бар, арнайы көліксіз түрме аумағынан еркін шыққан. Олар түзету мекемесінен шығып "Шкода" қызметтік көлігіне мініп, кетіп отырған. Сотталушылар пәтерде жұмыс істеп отырғанда оларды көлік жүргізушісі,  аға сержант күтіп отырады. Күндіз жөндеу жұмыстарын жасаған сотталушылар кешке қарай түрмеге қайтады. Бастықтың өз лауазымын асыра пайдаланып, шаруасын тындырып жүргені жайында ақпаратты Полиция Департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасына бейтаныс жандар жеткізген. Полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасы мамандары аталған мекен-жайдағы пәтерге барып, еңбек етіп жүрген жазасын өтеушілердің үстінен түскен. Бүгінде түрме бастығымен қоса, сотталушыларды түзету мекемесінен шығарып отырған мамандар жазаға тартылады. Бұл жайтқа қатысты, бүгінде қылмыстық іс қозғалып, тексеру басталып кеткен.

"Аталмыш фактіге орай, ҚР, ҚК 362 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін,  жан-жақты түрде тергеу жұмыстары жүргізілуде", – деп мәлімдеді Қарағанды облысы Полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасы.

Дегенмен түрме бастығының бұған дейін  жеке шаруасын тындырып алу үшін қанша сотталушыны заңсыз жұмысқа жеккені әзірге белгісіз болып отыр.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу