3 наурызда азаматтардан банкроттыққа өтініштерді қабылдау басталды.
2023 жылдың 9 наурызында сағат 9:00-дегі жағдай бойынша соттан тыс банкроттыққа 11 177 өтініш түскен. Оның ішінде eGov арқылы 10 462, e-Salyq Azamat арқылы 715.
Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Заң борышкердің төлем қабілеттілігін әртүрлі құралдар арқылы қалпына келтіруге мүмкіндігін қарастырады: соттан тыс банкроттық, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы.
Азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) келмей-ақ, электронды үкімет порталы (eGov.kz.), сондай-ақ "e-Salyq Azamat" немесе "eGov Mobile" мобильді қосымшасы арқылы өтініш бере алады.
"Алайда, кейбір ХҚКО-ның маңында банкроттыққа құжаттарды рәсімдеу үшін ақылы, делдалдық қызмет көрсетуді ұсынатындар жиілеп кетті.
Мемлекеттік кірістер комитеті соттан тыс банкроттық рәсімі (қарызы 5,5 млн. теңгеден аспайтын) тегін жүргізілетінін хабарлайды", – ескертті МКК.
Банкроттық рәсімін қолдану тәртібі туралы ақысыз толық ақпарат алу үшін ХҚКО-ның операторларына немесе мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлеріне бару қажет.
Сонымен қатар, 1414 нөміріне телефон шалып, немесе https://t.me/SalyqBot Telegram чат-ботына жазу арқылы сұрақтарыңызды қоюға болады.
Банкроттық рәсімінен өту тәртібі туралы ақпарат ҚР Қаржы министрлігінің және Мемлекеттік кірістер комитетінің сайттарында жарияланған.