Өйткені, қаладағы салық органдары бірнеше жыл бұрын тіркелген компанияларды заңсыз есепке алынған деп сотқа сүйреген. Екі жылдан бері өз құқықтарын қорғап шаршаған инвесторлар "тиісті мекемелер талап-арызын қайтып алмаса, жұмысымызды тоқтатамыз" деп отыр. Себебі, инвесторлар сотта жеңілетін болса мемлекетке миллиондап айыппұл төлеуі тиіс.
Шымкентке соттасуға емес құрылыс салуға келгенін айтып шырылдап тұрған Түркиялық инвестор. Айтуынша оның компаниясы осында келе сала тиісті тіркеуден өткен. Оны растайтын Әділет департаменті берген құжаты қолында тұр. Бірақ арадан біраз уақыт өткенде салық органы шетелдік компания заңсыз тіркелген деп сотқа берген.
Қазір Шымкентте 30-ға тарта шетелдік компанияға қатысты іс сотта қаралып жатыр. Барлығына тағылған айып бір. Тіркеу кезінде инвесторлар С5 визасын ұсынбаған. Соған қарамастан, Әділет министрлігіне тіркелген. Заңдағы қарамай-қайшылық осыған әкеп соқанн. Яғни, "Жеке кәсіпкерлерді тіркеу туралы" заңда виза керек емес деп, ал "Көші-қон туралы заңда" визаның керектігі көрсетілген.
"Бұны жан жақты талқылап қарап біз бүгінде департамент тарапынан орталық агенттікке осы ақпаратты жолдап одан кейін бірлесіп осы шешімді тиісті органдар бар ғой Ішкі істер министрлігі, Әділет министрлігі бар. Солармен бір талқылап бір шешімге келеміз деп ойлаймын", дейді СЖҚІҚА Шымкент қалалық департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев.
Бұл мәселе 2021 жылы да көтерілген болатын. Ол кезде құзырлы мекемелердің араласуынан кейін салық органдары талап арызды кері қайтарып алған еді. Мәселенің енді қалай шешілетіні әзірге белгісіз.