"СОVID-төлқұжаты" "Ashyq" қосымшасымен біріктіріледі

1002

Шілдеде қазақстандықтарға арналған электронды "СОVID-төлқұжаты" "Ashyq" қосымшасымен біріктіріледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"СОVID-төлқұжаты" "Ashyq" қосымшасымен біріктіріледі

"2021 жылдың 1 шілдесінен бастап "СОVID-төлқұжаты" "Ashyq" қосымшасымен біріктіріледі", - деді ведомство басшысы халыққа есеп беру кездесуінде. 

Оның айтуынша, бүгінде "СОVID-төлқұжатын" біріктіру үшін халықаралық IATA әуе көлігі қауымдастығымен көліссөз жүргізу қарастырылып жатыр.

Алексей Цой вакцинация төлқұжаты eGov Mobile қосымшасындағы "цифрлық құжаттар" сервисіне енгізілгенін атап өтті.

"Коронавирусқа қарсы вакцинациялауды жүргізу туралы деректер электронды форматта орналастырылады. Бұл екпе алғандардың санын білуге, вакцинация көлемін жоспарлауға және сырқаттанушылықты болжау үшін халықтың иммундық мәртебесін қадағалауға мүмкіндік береді", - деді министр.

Ол "СОVID-төлқұжатында" адамның қандай препаратты қандай дозада және қашан алғаны туралы мәлімет болатынын атап өтті. Құжатты талап еткен жағдайда оны QR-код арқылы алуға болады.

Сондай-ақ елімізде вакцинация төлқұжатымен қатар жылу карталары енгізіліп жатыр.

"Телекоммуникациялық деректер базасы арқылы пандемия кезінде қала тұрғындарының белсенділігіне талдау жүргіземіз. Жылу карталары тұрғындардың белсенділігі мен шоғырлану орындарын, 103, 1406, 1308, 102 нөмірлеріне қанша қоңырау шалынғанын және облыстық көші-қон ағындарын анықтауға мүмкіндік береді", - деді Алексей Цой.

Бүгінде Алматыда жылу карталарын пайдалану бойынша пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. 

Айта кетейік, "Ashyq" жобасы елдегі эпидемиологиялық деректерді бақылау және талдау үшін әзірленген. Бұл мобильдік қосымшаны Цифрлық даму министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысымен отандық ІТ-компания әзірлеген.

Жобаға бизнес субъектілері қатысады: СПА, фитнес орталықтары, кинотеатрлар және тағы басқа. 

"Ashyq" мобильді қосымшасы QR-кодты қолдану және Денсаулық сақтау министрлігінің базасымен интеграция арқылы келушінің статусын: ол вирус жұқтырғанын, жұқтырмағанын анықтауға мүмкіндік береді. 

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу