"Союз-5" тасымалдағышында гептил қолданылмайды

1137

Қазақстан мен Ресей "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін іске қосады. 

"Союз-5" тасымалдағышында гептил қолданылмайды

Мәжілістің жалпы отырысында "2004 жылғы 22 желтоқсандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасы мақұлданды.

Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев: "Алғашында жобаны "Ангара" ресейлік зымыранның негізінде іске асыру жоспарланды. "Ангара" зымыраны уақытында дайын болмағандықтан, тараптар жобаны іске асырудың басқа  нұсқаларын қарастырып, талдау жасады. Мәселені қосымша пысықтаудың нәтижесінде тараптар жобаны "Союз-5" зымыраны негізінде іске асыратын болып шешті. Жалпы алғанда, Ресей Федерациясы зымыранды жасау үшін, ал біз жерүсті инфрақұрылымы үшін жауап береміз", – деді. 

Оның сөзінше, "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін іске қосу – "Байқоңырды" ең белсенді ғарыш айлағы ретінде сақтауға мүмкіндік береді. 

"Хаттаманың бірінші бабында "Бәйтерек" кешені экологиялық қауіпсіздік деңгейі жоғары тасымалдағыш зымырандарды ұшыруға арналатыны атап өтілген. Осыған байланысты "Бәйтерек" кешенінен ұшыру үшін қандай тасымалдағыш зымырандар қолданылады?", – деп сұрады министрден депутат Бекболат Тілеухан.

Асқар Жұмағалиев "Союз-5" тасымалдағышында гептилдің орнына оттегі мен керосин қолданылатынын айтты. 

"Экологиялық тұрғыда мәселе туындамайды. Бұған қоса коммерциялық жағынан "Союз-5" зымыран тасымалдағышы "Протонмен" салыстырғанда тиімді", – деді министр. 

Белгілі болғандай, алдағы уақытта елімізде ғарыш саласының мамандарын даярлайтын жаңа орталық құрылады

"Қазір Қазақстанда бес жоғарғы оқу орны ғарыш саласы үшін маман даярлайды. Біз Мәскеу авиациялық институтымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Аталған жоғары оқу орнында ғарыш саласына 200-ге жуық қызметкер даярлаудамыз. Олар дайындықтан өткеннен кейін "Бәйтеректе" жұмыс істеу мүмкіндігіне  ие болады", – деді Асқар Жұмағалиев.

Министрдің мәлімдеуінше, елімізде ғарыш саласының мамандарын даярлайтын жаңа орталық 2021 жылы құрылады. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу