Аймақ басшысы бұл күнді аудан тарихындағы маңызды кезең ретінде атап өтіп, тұрғындарды көптен күткен қуанышты жаңалықпен құттықтады. Себебі Созақ ауданына табиғи газ алғаш рет беріліп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Салтанатты жиында облыс әкімі Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру сапасын арттыру және ауылдарды әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылыммен қамту жөніндегі тапсырмалары Түркістан өңірінде жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын айтты. Оның айтуынша, 2025 жылы облыста газдандыру бағытында 87 нысанның құрылысы қолға алынып, соның 45-і толық аяқталған. Нәтижесінде 70 мыңға жуық халқы бар 41 елді мекен табиғи газға қосылды. Қазіргі таңда облыс бойынша 606 елді мекен газбен қамтылып, 1,9 миллионнан астам тұрғын "көгілдір отынның" игілігін көріп отыр.
Созақтағы жаңа жобаның маңызы ерекше. Бұған дейін облыстың барлық аудан-қаласы газдандырылып, тек Созақ ауданында бұл мәселе шешілмей келген еді. Енді Шолаққорған ауылындағы автоматтандырылған газ тарату стансасы бар магистральды газ құбыры іске қосылып, аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға, экологияны жақсартуға, сондай-ақ инвестиция тарту мен кәсіпкерлікті дамытуға жол ашылды.
Салтанатты шара барысында табиғи газ желілері ресми түрде іске қосылып, тұрғын үйлердің бірінде газ жағу рәсімі өткізілді. Жобаның жалпы құны 4,1 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталып, 2025 жылдың желтоқсан айында аяқталған. Жобаның қуаттылығы – сағатына 30 мың текше метр. Толық іске қосылған жағдайда Шолаққорған ауылдық округіндегі 4600 тұрғын үй табиғи газбен қамтылады. Болашақта осы АГТС арқылы ауданның өзге елді мекендерін де газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Тұрғындар аталған жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен облыс пен аудан әкімдіктеріне және QazaqGaz компаниясына ризашылықтарын білдірді.