Көктемнің алғашқы күндерінде Созақ ауданында әлеуметтік жағдайы төмен және көп балалы 10 отбасыға жаңа баспананың кілті табыс етілді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында "Инкай" қазақ-канада біріккен кәсіпорны" ЖШС демеушілігімен 10 отбасыға тұрғын үй сатып алынды.
Тұрғындарды құттықтаған аудан басшысы: "Сіздерге 2016 жылдың соңында уәде еткен тұрғын үймен қамтамасыз етіп отырмыз. Жаңа қоныстарыңызда тек қуаныш болсын, – деді.
"Инкай" қазақ-канада біріккен кәсіпорны" ЖШС бас директорының орынбасары Н.Мұхаммедқалиұлы: "Біз аудан әкімдігімен ынтымақтасып жұмыс істеп келеміз. Соның нәтижесінде, түрлі әлеуметтік салаға қолдау білдіріп, демеушілік жасаймыз. Аудан басшысы М.Исаев жағдайы төмен отбасыларға үй алып беру туралы ұсыныс жасады. Нәтижесінде бүгін 10 отбасы үймен қамтамасыз етіліп отыр", – дейді.
Тұрғын үйге ие болған көп балалы ана Күлжамал Асқарова шексіз қуанышты екенін айтып, аудан басшылығына, "Инкай" қазақ-канада біріккен кәсіпорны" ЖШС ұжымына алғысын білдірді.