Созақтық кәсіпкер түйе сүтінен йогурт дайындауды қолға алды

949

Созақтық кәсіпкер түйе сүтінен йогурт дайындауды қолға алды

Созақ ауданының кәсіпкерлері түйе сүтін өңдеп, дамытудың жаңа жолын тапты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аудан орталығы – Шолаққорған ауылындағы "Аруана" ауыл шаруашылығы өндірістік коорперативі осынау кәсіп түрімен айналысып жүрген бірден-бір кәсіпорын. Кооператив түйе сүтінен бөлек, сиыр сүтін де қабылдайды.

Бүгінде төрт түрлі ағарған – шұбат, сиыр сүті, айран, қаймақ әзірлеп, жергілікті дүкендерге жөнелтіп жүрген серіктестік таяуда сүттен йогурт пен кілегей әзірлеп, саудалауды қолға алмақшы. Бұл туралы күнгейдегі БАҚ өкілдерінің Созақ ауданына жасаған пресс-туры барысында белгілі болды.

"Алғашқы кезде 500 литрге лайықталған жұмыс істедік. Қазір шұбат өңдеу мүмкіндігі тәулігіне 1 тоннаға жетіп отыр. Ісімізді осылайша жолға қойып келеміз. Таяуда аудандағы уран өндіретін кәсіпорындармен ондағы әрбір жұмысшы басына 0,5 литрден шұбат жеткізіп отыруға келістік", – дейді "Аруана" өндірістік коорперативінің төрағасы Жанболат Әдишов.

Жалпы түйе сүтін өңдеу цехы орналасатын ғимаратты дайындап, жөндеу жұмысы мен сүт өңдейтін құрылғыны алу үшін кооператив жетекшілігі "ЫРЫС" МҚҰ" ЖШС-дан 12 млн теңге несие алған. Бүгінде жұмысын жандандырып жатқан ұжымшар алдағы уақытта түйе сүтін өңдеу үлесін арттыру арқылы күніне оның тәуліктік қуатын 5 тоннаға дейін жеткізіп, істі әрі қарай дөңгелетуді жоспарлап қойған.

Айта кетейік, Созақ ауданында бүгінгі күні 10 мыңға жуық түйе бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу