Сөзбен емес, заңмен: Депутаттар Мухоряповтың атына прокуратураға шағым түсірді

1177

Бір топ депутат прокуратураға Мухоряповтың үстінен шағым түсірді. Депутаттар мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы заң қабылдайтын уақыт келгенін айтады.

Сөзбен емес, заңмен: Депутаттар Мухоряповтың атына прокуратураға шағым түсірді Фото: mybusiness.kz

Мәжілістегі "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы қазақ тіліне қатысты дөрекі мәлімдемесінен кейін сынға ұшыраған кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың үстінен Бас прокурор Берік Асыловқа шағым түсірді. Бұл туралы депутат Еділ Жаңбыршин жазды, деп хабарлады inbusiness.kz

"Қоғамдағы қазіргі туындап отырған жағдайлар Мемлекет тілдің мәртебесі туралы заң қабылдаудың уақыты келгенін де көрсетіп отыр. Қазақстанның мемлекеттік тілінде сөйлеудің "мәдениетсіздік" екенін айтып, қоғамда дау туғызған Рамиль Мухоряповқа заң аясында шара қолдану жөніндегі депутаттық сауалды, Мәжілістегі "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобының бірнеше мүшесі қол қойып, Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов мырзаға жолдады", - деді Еділ Жаңбыршин.

Депутаттар Рамиль Мухоряпов ісін араңдатушылық деп бағалап, ел мүддесіне нұқсан келтіргенін алға тартады.

"Қазіргі таңда еліміздегі миграциялық дағдарысты пайдаланып, ел ішін арандату оқиғалары орын алуда. Соның бірі қазақстандық кәсіпкер, Chocofamily Holding негізін қалаушы Рамиль Мухоряповтың қазақ тіліне және мәдениетіне қатысты әлеуметтік желіде тараған мәлімдемесі қоғам ішінде әлеуметтік наразылық туғызуда. Мұндай әрекет Тәуелсіздігімізге, Ұлттық мүддемізге, ел тынышытығына қайшы және нұқсан келтіреді деп есептейміз! Әрбір қазақстандық азамат Қазақстанның Конституциясы мен заңдарына қалтқысыз бағынуға, тіліміз бен салт-дәстүрімізді құрметтеуге міндетті. Құрметті Берік Ноғайұлы! Сізден, жоғарыда аталған мәселеге байланысты арандатушылық іс-әрекетке барған Рамиль Мухоряповқа Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 174-бабы 1-тармағана сәйкес құқықтық шара қолдануыңызды сұраймыз", – деп жазылған бас прокурорға жолданған депутаттық сауалда.

Бұған дейін Еділ Жаңбыршин Бас прокуратурадан кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың үстінен қылмыстық іс қозғауды талап еткен еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу