Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Назарбаев университетінде декан лауазымына қазақстандық мамандар неге алынбайды деген сауалға пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Асхат Қанатұлының (ред. – депутат Асхат Аймағамбетов) айтқан сөзінің жөні бар. Біріншіден, Назарбаев университеті автономды, тәуелсіз білім беру ұйымы. Олардың бөлек арнайы заңдары бар. Ішкі автономиясы бар. Дегенмен біз басшылықпен кездесіп, дәл осындай ұсыныстарды айттық. Қазір Назарбаев университетінде аяққа тұрып, өсіп келе жатқан мықты жергілікті буын бар. Мықты математиктер, физиктер, ғалымдар бар. Университеттің басшылығы оны ескереміз деп айтты. Қазір олардың жаңа үшжылдық стратегиясы бекітілді. Осы жылдан бастап олар жаңа құрылымдық жүйелерге көшеді. Сонда бізге жергілікті кадрларды ескереміз деген сөз берген", - деді Саясат Нұрбек тілшілердің сауалына берген жауабында.
Сөзінше, құрылып жатқан шетелдік университеттермен арада келісім бар.
"Бірінші төрт-бес жылда басшылық болсын, негізгі пәндерді өздеріңізден келген шетелдік профессорлар оқытсын. Бұл білім сапасын көтеру үшін керек. Дегенмен қауымдастырылған профессор, оқытушы, аға оқытушылыққа жергілікті, Болашақ арқылы шетелде оқыған кадрларды алыңыздар деп келістік. Сөздерінде тұрды", - деді Ғылым және жоғары білім министрі.
Айта кету керек, осыған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов "Назарбаев университетінің" декан лауазымына отандық мамандарды алмайтынына шүйліккенін жазғанбыз.