"Сөзіңіз бен нақты өмірдің арасында байланыс жоқ": Депутат министрге шүйлікті

885

Халық қалаулысы елдің экономикалық субъектілеріне қолдау жоқ екенін айтты. 

"Сөзіңіз бен нақты өмірдің арасында байланыс жоқ": Депутат министрге шүйлікті Фото: liter.kz

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров елдің сауда желілеріндегі отандық өнімнің үлесіне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

"Сіздердің (ред. - Сауда және интеграция министрі) сөздеріңіз бен нақты өмірдің арасында ешқандай байланыс жоқ. Мысал үшін дүкенге барсаңыз, Ресейдің, Беларусьтің шұжық, сүт өнімдері толып тұр. Ал Қазақстанның өнімі 5 пайызға жетпейді. Сондықтан біз интеграция жасаймыз деп басқа бір елдің экономикалық мүдделеріне лобби жасап жатқан тәріздіміз. Интеграция дегеніміз өзара айналым. Яғни Қазақстанның өнімі Ресейде болу керек, Ресей өнімі Қазақстанда болу керек. Интеграция жасаймыз деп, Қазақстанды "проходной дворға" айналдырып жіберген жоқсыздар ма? Екінші мәселеге келсек, мынау шекарадан Ресейге Қытайдың автомобильдері жүріп жатыр. Олар Қазақстан аумағынан өтеді және еліміздің өзі мәз емес жолдарын бұзып жатыр. Күніне 500 машина өтеді. Осы машишаларға қандай да бір төлем жасала ма?", - деп сұрады депутат.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің сөзінше, сауда сөрелеріндегі отандық тауар үлесі 50-60 пайызға дейін жетеді.

"Шұжыққа келсек, агроқауіпсіздік жағынан бізде 30 пайыз ғана өндіріледі. Өзімізден болмаса, біз алып келеміз. Олай жасайтын болсақ, тапшылық болса, оның бағасы көтерілетін болады. Базарға баратын болсақ, өзіміздің өндірушілеріміз бар. Бұл сөзсіз. Екіншіден, бізде транспорттық бақылау, техникалық регламент деген бар. 40 тоннадан асатын болса, онда машина неге біздің жолда жүріп жатқанын анықтау керек. Бұл интеграциялық емес, әкімшілік реттеу сұрақтарына кіреді", - деп жауап берді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Алайда депутат Саиров министрдің бұл жауабына қанағаттанбады. 

"Қазақстан өнімінің елімізде жоғы министрліктің біздің экономикалық субъектілерімізге көмектеспендігінен. Ресей үкіметі өзінің шұжық, сүт өнімдерінің транспортировкасының өзінен субсидия жасайды. Ал енді Қазақстан фермерлердің Астанаға базарға алып келуге ешқандай жағдайы жоқ. Олардың 4-5 делдалы тұр. Сондықтан олар Қазақстанның нарығына келе алмайды. Сіздер осыны шешулеріңіз креек. Бұл ұлттық мүдде мәселесі, министр мырза", - деп баса айтты Ерлан Саиров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу