Спорт қайраткерлері мемлекеттік сыйлықтарға ие болды

1055

Бүгін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай құрмет белгілерін табыстау шарасы өтті.  

Спорт қайраткерлері мемлекеттік сыйлықтарға ие болды

Нұр-Сұлтанда өткен салтанатты рәсімде спорт өкілдері мемлекеттік наградалармен, атап айтқанда "Құрмет" ордені, "Ерен еңбегі үшін" медалі мен ҚР Құрмет грамоталарымен марапатталды, деп хабарлайды Olympic.kz.

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің басшысы Тимур Құлыбаев спорт қайраткерлері мен жиналған қауымға ең басты  мерекеміз саналған тәуелсіздік күнінің маңыздылығын ерекше атап өтті.

"Мемлекеттік наградаларды Президент атынан табыстау мен үшін үлкен мәртебе. Біз спортшыларымыздың әлемдік аренадағы жоғары жетістіктерімен мақатанамыз. Олар ел намысын абыроймен қорғап, әрдайым жанкүйерлерге қуаныш сыйлайды. Алдағы 2020 жылы барлық лицензиялық жарыстарда, сондай-ақ, Олимпиада ойындарында сөзсіз қолдау көрсетеміз. Баршаңызға алдағы жарыстарда сәттілік тілеймін", – деді Тимур Құлыбаев.

Сонымен қатар, барлығын айтулы мерекемен құттықтап, зор денсаулық, бақыт пен жұмыстарына сәттілік тіледі. "Құрмет" орденіне Бокстан ҚР Ұлттық құрама командасы мен Қазақстандағы спорттық іс-шаралар жөніндегі үйлестірушісі Болат Әбдірахманов, еркін күрес пен су добы спортының ардагерлері Амангелді Ғабсаттаров пен Лев Смолеев ие болды.

"Ерен еңбегі үшін" медалімен каратэ-додан ҚР жасөспірімдер мен жастар құрама командасының аға жаттықтырушысы Шаттық Қажымұқан мен садақ атудан ҚР ұлттық құрама командасының бас бапкері Григорий Ким, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева марапатталды.

"Шынымды айтсам, мұндай марапат күткен жоқпын. Біздің спорттан алғаш рет марапат алып отырған адам ретінде өзімді шексіз бақытты сезініп отырмын. Садақ атудан жаттықтырушы қызметінде жүріп мұндай мемлекеттік награданы иеленген алғашқы бапкермін. Мұндай іс-шараға да тұңғыш рет қатысып отырмын. Садақ ату спортының өкілі ретінде шақырту алып, марапатқа ие болғаным үшін алғысым шексіз. Бұл өте керемет нәрсе! Алдағы жұмысымызға да бұл үлкен жігер береді. Біздің болашаққа құрған жоспарларымыз көп",  – дейді Григорий Ким.

"Бұл өте қуанышты жағдай және үлкен мәртебе! Келешектегі жеңісімді еселей түсу үшін бұл марапат күш берері сөзсіз. Алда үлкен жоспарлар күтіп тұр. Жаттығуды бастап кеттік. Өзімді жақсы сезінудемін, енді бабыма келу үшін бар күшімді саламын", – дейді мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева.

ҚР құрмет грамотасымен үстел теннисінен ҚР Ұлттық құрама командасының басшысы Қарлығаш Ишкенбаева мен нысана көздеуден ҚР ҰҚК басшысы Галина Корчмаға табысталды.


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу