Спорт кешенінің құрылысы 4 жылдан бері бітпей тұр

313

Шымкентте 800-дей балаға арналған спорт кешенінің құрылысы 4 жылдан бері бітпей тұр.

Спорт кешенінің құрылысы 4 жылдан бері бітпей тұр Фото: ttelegraf.ru

Құрылысына мемлекет қазынасынан қыруар қаржы қаралған нысан негізінде былтыр пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ, межелі мерзімнен 2 жылға жуық уақыт өтсе де ғимараттың әлі қабырғасы қаланып, шатыры жабылмаған. Биліктің бейғамдығы мен мердігердің салғырттығынан спортқа құмар балалар зардап шегіп отыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Жалпы аумағы 2 мың шаршы метрден асатын залда жоспар бойынша қазір құрылысшылар емес спортқа құмар балалар спорттың сегіз түрімен айналысып жатуы  тиіс еді. Тіпті о баста бұл жерде 2022 жылдан бері түрлі жарыстар ұйымдастыруда жоспарланған. Бірақ бүгінде бәрі басқаша.

Доптың орнында тас домалап, жаттықтырушылар мен спортшылардың орнында құрылысшылар. Ал, спортқа құмар балалар әр жерді паналаған.

"Мектептердің залында, жекеменшік залдарда дайындалып жатыр балалар. Енді ол шұғылданып жатқан жерлер стандартты жерлер емес. Енді бізге жарыстар өткізуге стандартты зал болса деген оймен осыны сұранғанбыз басында", - дейді №12 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Хасан Маккамбаев.

Негізінде бұл нысанды толық салып біту үшін 2019 жылы бюджеттен 970 млн теңгедей қаржы қаралған. Сөйтіп сол жылы мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп жеңімпаз мекеме анықталады. Содан құрылыс басталып мердігерге бүгінге дейін қаржының алпыс пайыздан астамы аударылған. Бірақ атқарылған жұмыс аз.  

"Мердігер мекеме тарапынан нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарын өз деңгейінде дұрыс ұйымдастырылмау салдарынан белгіленген мерзімде пайдалануға тапсырылмады. Осыған байланысты мердігер мекемеге өндірістік жұмыс кестесінен кешіккені  үшін 8 рет жалпы көлемі 1 млн 455 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар, биыл басқарма мен мердігер мекеме арасында түзілген келісімшарт бір жақтан бұзылып жаңа мердігер анықталды. Енді құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталады", - деді Шымкент қаласының құрылыс басқармасы.

Спорт кешенінің дер кезінде пайдалануға берілмеуі қалада жастар арасында түрлі спорт түрлерінің дамуына да кері әсер етуде. Мәселен, қазір, №12 спорт мектебіне келіп ауыр атлетикамен айналысқысы келетін балаларға мүлде мүмкіндік жоқ. Сондықтан жаңа кешеннің ертерек бітуін тек №12 спорт мектебінің ұжымы ғана емес ата-аналармен болашақ спортшылар да асыға күтіп отыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу