Туризм және спорт вице-министрі Серік Жараспаев шахматшы Бибісара Асаубаеваның мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ведомство осы жағдайға байланысты шұғыл брифинг өткізді. Белгілі болғандай, биыл шахматшыға дайындық ретінде мемлекет, федерация және басқа да ұйымдар тарапынан шамамен 210 миллион теңге бөлінген.
"Қаражат бөлініп жатыр. Егер де қандай да бір сома қажет болса, оны отырып талқылау керек. Екінші мәселе бұл былтыр Президент Жарлығымен берілген марапаттың оған әлі жетпеген деген ақпаратқа қатысты. Спортшының тығыз кестесіне байланысты ол марапат оған әлі жеткен жоқ. Сондықтан біз оны міндетті түрде күтеміз. Біз оны 8 наурыз мерекесіне орай шақырған едік. Келіп, сол марапатты алу мүмкіндігі бар болатын. Бірақ кестесіне байланысты ол келе алмады", – деді Серік Жараспаев.
Айта кету керек, бұған дейін шахматшы Бибісара Асаубаева ел Президентінен көмек сұрағанын жазғанбыз.