Спорт нысаны судың астында қалды

721

Кеше Павлодарда қатты нөсер жауын болып, көшелер мен нысандарды су басты.

Спорт нысаны судың астында қалды

Облыс орталығындағы "Спорт сити" қалашығы да жаңбырдың салдарынан уақытша пайдалануға жарамай қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мұндағы футбол манежі 2019 жылдың желтоқсан айында ашылған болатын. Алайда жасыл алаңның аумағы тиісті стандарттарға сай болмағандықтан, балалардың жаттығуына ғана жарап тұр. Әдетте мұнда футболда дарынды балаларға арналған "Ертіс" орталығының тәрбиеленушілері жаттығады. Ал спорт сайыстарын ұйымдастыруға келмейді. Кешегі коммуналдық апаттан соң балалар да кемінде бір апта спорт нысанына келе алмайтын болды. Себебі екінші қабаттан аққан жаңбыр суы бірінші қабатқа дейін жетіп, ғимаратты су басты.

"Жаңбыр суын бұратын құбырдан ақау шығып, спорт ғимаратының ішіне су кірді. Тез арада нысанды салған мердігер компания өкілдері шақырылып, апаттың салдары жойылып жатыр. Электр желілерін құрғатып, кептіру үшін шамамен бір апта уақыт қажет. Сондықтын жаттығу жұмыстарын 8 тамызға дейін тоқтату ұйғарылды", – деп хабарлайды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.

Кешегі нөсер жауыннан зардап шеккен бұл нысан ғана емес. Тоқтаусыз жауған жаңбырдан басқа да тұрғын үйлерді, бизнес ғимараттары мен көшелерді су басты. Қаланың коммуналдық қызметінің 10-нан астам көлігі су сору жұмыстарына жұмылдырылды. Табиғаттың мұндай тосын "сыйы" Павлодар қаласында жаңбыр суын бұратын құбырлардың жоқтығы неге әкеп соғарын анық көрсетті. Бәлкім бұл жағдайдан соң шаһар билігі құбырлар тарту мәселесіне назар аударар.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу