Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова спорт саласын дамытудың үш сатылы жүйесі құрылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Дене шынықтыру және спорт саласында Мемлекет басшысы қойған мақсаттарды орындау үшін келесідей шаралар қабылданатын болады. Саланы дамытудың үш сатылы жүйесі құрылады. Оның біріншісі бұқаралық спорт, кейінгі сатылары – жоғары жетістіктер спортына қатысты. Екіншіден, жоғары жетістіктер спорт түрлері қайта қарастырылады. Ол тізімге Олимпиада, Азия, паралимпиада ойындары, сондай-ақ, ұлттық спорт түрлері кіреді. Үшіншіден, салаға бөлінген қаржыны нәтижелі әрі тиімді пайдалану үшін қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативі енгізіледі", - деді Тамара Дүйсенова.
Айтуынша, спорт түрлері бойынша жаттықтырушылар мен спорттық медицина, фармакология, диетология, психология саласының мамандарын дайындау жүйесі қайта қарастырылмақ.
"Бұдан бөлек әкімдіктермен бірлесе отырып аймақтардағы спорттық инфрақұрылым кеңейтілетін болады. Бұл өзгерістер Парламент Мәжілісінде қарастырылып жатқан заң жобасы аясында ескеріледі", - деді Премьер-Министрдің орынбасары.