AntikorLive жобасы аясында өткен брифингте 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері, экс-депутат Серік Қонақбаев спорт саласына қаржы бөлу тақырыбында сөз қозғады.
"Мен дәл қазір бұл салада еңбек етіп жатқан жоқпын, алайда қазіргі кезде спорт саласына бөлініп жатқан қаржының шынайы нәтижесін Әлем чемпионаттары мен Олимпиадада көреміз деп ойлаймын. Келесі жылы Токио олимпиадасында спортшыларымыз отандық спорт мектептерінің қандай дәрежеде екенін көрсетіп, жоғары нәтижеге қол жеткізеді деген сенімім мол", – деді ардагер спортшы.
Серік Қонақбаевтың пікірінше, спорт – көп қаржы салуды қажет ететін сала. Соған қарамастан ол бұқаралық спортты да дамыту керек деп есептейді.
"Кеңес одағы кезінде бұқаралық спортқа көп көңіл бөлінетін. Өйткені жастар қаншалықты көп спортпен айналысса, олардың арасынан үздіктерінің сытылып алға шығуы, оларды іріктеп алу, нағыз чемпиондарды тану мүмкіндігі жоғары. Сондықтан балалар спортына қаржы бөлу керек. Елдегі жағдай тұрақталған соң, осы салаға көп көңіл бөлінуі керек", – деді спикер.
Құралай Құдайберген