Спорттағы нақты мәселелерді көтерейік – Ералы Тоғжанов

1255

Елордада дене шынықтыру және спорт саласының кеңейтілген алқа отырысы өтіп жатыр.

Спорттағы нақты мәселелерді көтерейік – Ералы Тоғжанов

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа Ауыр атлетикадан Қазақстан ерлер ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Нұржан Смахановтың баяндамасы ұнамай қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Кеңейтілген алқа отырысында Нұржан Смаханов ауыр атлетшілер халықаралық жарыстарға қалай дайындалып жатқанын айтты.

Алайда үкімет басшысының орынбасары бас жаттықтырушыдан саладағы нақты мәселелерді айтуды сұрады.

"Ананы, мынаны, үздіксіз дайындықты, тамақпен қамтамасыз ету керек дедіңіз. Сіз айтқан мәселелер шешіліп жатыр ма?", – деді Ералы Тоғжанов. 

Нұржан Смаханов саладағы проблемалар шешімін тауып жатқанын жеткізді.

"Солардың барлығын нақтылау керек. Жалпылама әңгімені қайтеміз? Ауыр атлетикадағы өткен жетістікті барлығы біледі. Нақты мәселелерді айту керек. Бүгін алқа отырысына арнайы сол үшін келіп отырмыз. Қазір біраз азаматты тыңдадым. Барлығы жақсы. Анаған, мынаған рақмет дейді. Қазір рақмет айтатын уақыт емес. Ашығын айтқанда, бұл – біздің жұмысымыз. Сондықтан нақты мәселелерді көтерейік. Допингке байланысты мәселе болды. Оны барлығыңыз жақсы білесіздер. Бұл мәселені шешу жолдары қалай? Күн тәртібінде дайындыққа байланысты қандай мәселелер тұр? Оларды шешейік. Барлық сала бойынша нақты жұмыспен айналысу керек", деді Премьер-министрдің орынбасары.

Сөз соңында Ералы Тоғжанов Азия чемпионатына спортшылардың дайындығын пысықтау керегін айтты.

"Дайындыққа байланысты сұрақтар болса, бүгінгі кездесуден кейін бұл мәселені талқылауымыз керек. Сондықтан ойыңыз бен ұсыныстарыңыз болса ақылдасайық", - деді үкімет басшысының орынбасары.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу