SsangYong компаниясының басшылығы банкротқа ұшырағаны туралы құжатты Сеул сотына жіберді. Ресми дерек бойынша, компания кредиторлар алдындағы 54,4 млн доллардай қарызын өтей алмағандықтан осындай жағдайға душар болған.
Үндістанның Mahindra & Mahindra компаниясына 75 % тиесілі бұл көлік өндірушісіне Оңтүстік Корея билігі қолдау білдіретіні не білдірмейтіні белгісіз. Қазір үкімет SsangYong-ның жергілікті жеткізушілеріне, нақтырақ айтқанда, қосалқы бөлшектерін жеткізумен айналысатындарға қаржылай көмек көрсету жағын қарастырып жатыр.
Mahindra & Mahindra компаниясының да қазіргі жағдайы көңіл көншітіп отырған жоқ. Пандемия кесірінен ол да қаржы мәселесіне тап болды. Financial Times басылымының дерегінше, компания SsangYong-ты сатып жіберуі мүмкін. Ал сарапшылар болса, оны саудалау бүгінгі таңда қиынға соғады деген пікірде.
"Өкінішке қарай, пандемияға дейін де SsangYong-ның бәсекеге қабілеттілігі төмен болған еді. Оны біреу сатып алғанның өзінде, одан пайда табатыны екіталай", –деді Daiwa сарапшысы Чуе Сон Еп.
Табиғат Нұрболат