Стамбұлда Қазақстан мен Түркияның жаңа жобалары талқыланды

802

Стамбұлда Қазақстан мен Түркияның жаңа жобалары талқыланды

Стамбұлда инвестиция апталығы аясында Қазақстан мен Түркияның жаңа жобалары талқыланды, деп хабарлайды primeminister.kz.
Стамбұлда 7-12 мамыр күндері инвестиция апталығы аясында Түркиядағы ҚР елшілігінің және "Kazakh Invest" ҰК қолдауымен өнеркәсіп, құрылыс, медицина және тоқыма өндірісі салаларында ынтымақтастық орнату жөнінде Түркияның ірі компанияларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Кездесулер екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты жандандыру мақсатында ұйымдастырылған.
ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкеновтың басшылығымен қазақстандық делегация құрамына бизнес қауымдастығы, мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялардың және т. б. өкілдері кірді.
Бір апта ішінде Қазақстан делегациясы Yildirim Holding және Calik Holding секілді Түркияның ірі өнеркәсіптік топтарының басшыларымен кездесті, оларға Calik Enerji мен Lidya Madencilik секілді компаниялар кіреді.
Кездесу барысында Calik Holding өкілдері Қазақстан аумағында жобаларды іске асыруға әзір екендерін жеткізді. Мәселен, компания бірінші кезеңде қуаттылығы 50 МВт болатын күн электр стансасының құрылысын бастауға және жаңартылатын энергия көздері бойынша жобаларды жүзеге асыруға салынатын инвестицияларды ұлғайту мүмкіндігін қарауға ниетті.
Сондай-ақ, кездесу барысында тау-кен металлургия саласы мен энергетика секторында ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Бұдан өзге, Yildirim Holding басшылығы Қазақстанда тау-кен металлургия кешені саласында жообаларды іске асыруға қызығушылық танытты. "Қазгеология" АҚ мен холдинг арасында қатты пайдалы қазбаларды іздестіру мақсатында жер қойнауын геологиялық барлау жөнінде бірлескен кәсіпорын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.  
Бүгінгі таңда екі тарап бес жоба бойынша жұмыстар атқарып жатыр. Сонымен қатар, холдинг биыл жазда Жамбыл облысында геологиялық барлау жұмыстарын бастауды көздеп отыр.
Делегация мүшелері дәрі-дәрмек және тұтыну тауарларын өндірумен айналысатын Eczacıbaşı Holding және Қазақстанда фабрикалар ашуға қызығушылық танытқан, тоқыма саласындағы жетекші компаниялардың бірі Bak-Ay Tekstil басшылығымен кездесті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу