Starlink жерсеріктерінің жаңа тобы орбитаға шығарылды

799

Зымыран бөлшектерін қайта пайдаланған SpaceX 6 млн доллар үнемдемек.

Starlink жерсеріктерінің жаңа тобы орбитаға шығарылды

Ғаламдық интернет желісінің Starlink жүйесін тарту мақсатында Falcon 9 ауыр зымыран тасығышы жаңадан 60 дана шағын спутниктерді жердің төменгі орбитасына сәтті алып шықты. Бұл туралы SpaceX компаниясы мәлімдеді. 

Starlink жобасы аясында өткен жылдың мамыр айынан бері орбитаға осымен он бесінші рет интернет-спутниктер ұшырылып отыр. Бұған дейін де 60 дана Starlink жерсерігі 6 және 18 қазанда ұшырылған еді. Қазір орбитада барлығы 893 интернет таратушы ғарыш аппараты бар. 

"Флорида штатындағы Канаверал мүйісінде орналасқан NASA ғарыш айлағы кешенінен ұшырылған зымыран 1 сағат 3 минуттан кейін Starlink жерсеріктерін орбитаға шығарды. Осымен үшінші рет пайдаланылып отырған SpaceX зымыран тасығышы ұшырылғаннан кейін 8 минут 23 секунд ішінде 633 шақырым жердегі автоматтандырылған платформаға кері қонды. Атлант мұхитына түскен басқа бөлшектерді GO Searcher және GO Navigator кемелері жинап алды. Бұл бөлшектерді қайта пайдалану SpaceX компаниясына 6 млн доллар үнемдеуге мүмкіндік береді", – дейді хабарламада.

Айта кетсек, жер шарының кез келген жерінде кеңжолақты интернетті пайдалануға мүмкіндік беретін бұл жобаны жүзеге асыру үшін SpaceX орбитада 12-ден 30 мың данаға дейін ғарыш аппаратын орнатпақ. Компания мәліметінше, SpaceX келесі жылы бүкіл әлемді ғарыштық интернетпен қамтамасыз етпек. Жобаға салынған жалпы инвестиция көлемі  10 млрд АҚШ долларын құрайды.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу