Аппеляциялық шағым Англия сотында қаралған. Бұл туралы "Жас Алаш" газеті хабарлады.
Әділет министрлігінің хабарлауынша, судья Робин Ноульз "арбитраж сотында Қазақстан Стати тарабының алаяқтық әрекеттері туралы жеткілікті дәрежеде нанымды дәлелдер көрсете алды деген қорытынды жасаған".
Қазақстан жағының айтуынша, бұған дейін екі тарап арасындағы дауды қараған Швецияның сот инстанциялары "алаяқтық фактілерін немесе алаяқтық фактілерінің арибтраждық трибуналға ықпалын" ескермеген.
Министрліктің хабарлауынша, Стати енді бұдан былай шешімді орындату бойынша Англия сотына өтініш түсіре алмайды және шешімді өзге соттарда құжат ретінде де қолдана алмайды.
"Қазақстан өзінің мақсатына жетті, ал Стати Англияда төрелік шешімді қазір де, келешекте де орындай алмайды" делінген министрліктің жұма күні таратқан баспасөз хабарламасында.
Былтыр желтоқсанда New York Mellon банкі молдовалық бизнесмен Анатол Статидің Қазақстан үкіметіне қарсы арызы бойынша Қазақстан Ұлттық қорының 22 миллиард доллар қаржысын бұғаттаған.
Қазақстанның мұнай-газ саласына инвестиция салған Стати мемлекеттік органдар өзін "инвестициясын тым арзанға сатуға мәжбүрлеу үшін қыспаққа алғанын" айтады. Астана бұл айыптауды терістеп, Статиді "алаяқтық жасады" деп айыптайды.