"2021 жылғы 28 қазанда Молдова азаматтары Анатол мен Габриэль Стати Вашингтон федералды сотынан АҚШ астанасындағы Қазақстан Республикасының дипломатиялық меншігіне тыйым салу туралы өтінішін қайтарып алуға рұқсат сұрады", - деп жазылған хабарламада.
Әділет министрлігінің мәліметінше, Статилер өтінішті биылғы жылдың шілдесінде берген. Олар Қазақстанның Вашингтондағы дипломатиялық резиденциясы коммерциялық кеңсе ретінде пайдаланылды деп айыптаған.
"2021 жылғы тамызда Қазақстан сотқа толықтай материалдарды ұсынып, Статидің мәлімдемелері жалған екенін дәлелдеді. Қазақстанның дәлелдемелеріне жауап беруге тырысудың орнына, Стати мерзімді ұзартуды екі рет сұрады. Сот бірінші сұранысты қанағаттандырды. Алайда Статидің жеткілікті уақыты бар деп есептеп, екінші сұранысын қабылдамай, оларға 2021 жылғы 29 қазанға дейін жауап беруді бұйырды. Осы мерзімнен бір күн бұрын Стати жалған мәлімдемелерін ақтауға тырыспай, өтініштерін қайтарып алуға рұқсат сұрады",- дейді ведомстводан.
Айта кетсек, Статилер Англиядағы сот процесінде де өздері шегінген еді. Статидің негізгі төрелік шешімді алаяқтық жолмен алғаны дәлелденген кезде, Стати жауап ретінде сотқа жүгінудің орнына, өздері бастаған процесті тоқтатып, одан бас тартқан болатын.