Статидің Қазақстанға қарсы талабы әлі 4 елдің юрисдикциясында қаралады

1292

АҚШ-тағы шешім өзге юрисдикциялардың шешіміне де әсер етуі мүмкін. 

Статидің Қазақстанға қарсы талабы әлі 4 елдің юрисдикциясында қаралады

Әділет министрі Марат Бекетаев Анатол Статидің АҚШ сотынан Қазақстанға қатысты талабын қайтарып алуы өте маңызды шешім болғанын айтады.

"Кешегі жаңалық бір юрисдикцияның ғана шешіміне байланысты. Өйткені Анатол Стати тек АҚШ-та ғана емес, Швеция, Бельгия, Люксембург және Нидерланд елдерінде сотқа талап жіберді. Ал АҚШ юрисдикциясының шешімі өте маңызды. Әрине, ол Статидің шешімі. Бірақ америкалық сот жүйесі өте мықты юрисдикция болып саналады.  Біздің ойымызша, Статидің өз талабын қайтарып алуының екі негізгі себебі бар. Біріншіден, Статидің  компанияларына аудиторлық есе жүргізген KPMG барлық аудиторлық есептерді қайтарып алды. Осы аудиторлық есептер арбитраж шешіміне негіз болды. Екіншіден, осы аудиторлық есептердің қайтарып алынуы Статидің алаяқтығына қосымша дәлел болып табылады. Осы екі себеп,  біздің ойымызша, аталмыш шешімге алып келді", – деген Марат Бекетаев Стати ісінің АҚШ-тағы ахуалы өзге юрисдикциялардың шешіміне де әсер етуі мүмкін деген ой айтты.

"Мен бұған дейін уақыттың бізге жұмыс істеп жатқанын талай айтқан болатынмын. Өйткені  біз уақыт өткен сайын үсті-үстіне дәлелдер алып жатырмыз.  Неге бұлай болып жатыр? Себебі  өзге юрисдикциялар біздің сұрауларымызға жауап беріп жатыр.  Мысалы, KPMG аудиторлық компаниясының  аудиторлық есептерінің пайымы өте күшті дәлел болды.  Осы дәлелдерді әр юрисдикцияға ұсындық. Өзге юрисдикциялардың да соған сәйкес шешім шығаруын күтеміз.  Біздің пайдамызға алғаш болып Ұлыбритания юрисдикциясы шешім шығарды. Ол кезде Стати мәжбүрлеп ақша өндіру және мойындау туралы процесті өз бастамасымен тоқтатқан болатын.  Енді АҚШ-та да осындай жағдайға куә болып отырмыз. Өзге юрисдикцияларда да осындай шешім шығарылады деп үміттенеміз", – деді Әділет министрі.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу