Ақмола облысының прокуратурасы Степногорск қаласында мыңдаған тұрғынға жылу үшін төлем заңсыз есептелгенін анықтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, Степногорск қаласындағы 41 көпқабатты тұрғын үйде жылу ақысы есептегіш құралдарының нақты көрсеткіштері бойынша емес, белгіленген нормативтерге сүйеніп есептелген. Соның салдарынан тұтынушыларға негізсіз артық төлем жүктелген.
"Аталған деректер жылумен қамтушы ұйымның “Жылу энергетикасы туралы” заң талаптарын бұзғанын, сондай-ақ әкімдіктің жылыту маусымына дайындықты тиісті деңгейде бақыламағанын көрсетеді", – деп хабарлады қадағалаушы орган.
Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде 8 мыңнан астам тұрғынға 8,1 миллион теңге көлемінде қайта есептеу жүргізілді.