Степногорда қарияның 1,5 миллион теңгесін жымқырғандарға қылмыстық іс қозғалды

903

Степногорда қарияның 1,5 миллион теңгесін жымқырғандарға қылмыстық іс қозғалды

Ақмола облысында 93 жастағы қарияның 1,5 миллион теңгеден астам ақшасын жымқырған күдіктілер қолға түсті, деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған "ҚазАқпарат" ХАА.

Полицейлердің мәліметі бойынша, 2017 жылдың 6  қаңтарында Степногор қалалық ІІБ-не 93 жастағы жергілікті тұрғын арызданған. Зардап шегушінің сөзіне қарағанда, сол күні сағат 11.00 кезінде  белгісіз екі жігіт қарияның пәтерінің есігін қаққан.

Өздерін қалалық су арнасының қызметкерлері деп таныстырған күдіктілер ерлі-зайыпты қарияларға ас бөлмеге су тазалағыш қондырғы орнату қажет деп сендірген. Қос қарияның күдіктілердің бірінің соңынан ас бөлмеге кеткен сәтін пайдаланған екінші күдікті жатын бөлмеде сақтаулы тұрған 1 670 000 теңге ақшаны қолды қылған. Арада тура 2 сағат өткен соң ақшасының ұрланғанын байқаған қария полицияның көмегіне жүгінген. Сонымен қатар, қарияның айтуынша, осыдан бірер күн бұрын оның пәтеріне белгісіз жас жігіт келіп, қазіргі заманғы "массажер" сатқан. Сол кезде  күдікті аталған заттың құнын төлерде қариялардың ақшаны қайдан алып шыққаннын байқап қалған.

"Жедел іздестіру шарасы барысында Степногор қалалық ІІБ криминалды полиция бөлімшесінің қызметкерлері  28 және 29 жастағы күдіктілерді ұстады. Қазіргі кезде күдіктілер уақытша ұстау оқшаулағышына қамалып, үстерінен ҚР ҚК 188-бабының 3-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деп көрсетілген хабарламада.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу