Бұл туралы Ақмола облысының Степногорск қалалық соты хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
Степногорск мектептерінің бірінде бас есепші болып жұмыс істеген О. мектеп директорының ЭЦҚ-кілтін қолдану арқылы өзіне артық жалақыны заңсыз есептеп келген. Осылайша әйел 36 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған.
2022 жылдың сәуір айынан бастап 2023 жылдың наурызына дейін О. мекеменің шотынан өзінің банктік шотына қаражат аударып, банкоматтарда қолма-қол ақшаға айналдырған. Ол қызмет бабын пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады (ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы).
"Сотта О. өз кінәсін толық мойындады. Оның кінәсі сот-экономикалық сараптаманың қорытындысымен; ұялы телефонды қарау бойынша хаттамалармен; куәгерлерден, мамандардан жауап алу хаттамаларымен; О. шоттары бойынша банктік үзінділермен расталды", - деп хабарлады қалалық сот.
Сот үкімімен әйелге материалдық жауапкершілікке байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалды. Сотталушыдан келтірілген материалдық залал өндіріп алынды.
Әйелдің кішкентай төрт баласы бар екенін ескере отырып, ҚК 74-бабының 1-бөлігі негізінде сот 14 жасқа толғанға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындауды кейінге қалдырды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.