НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен Швецияның Альянсқа мүшелігі туралы келіссөздер жүргізу мақсатында Анкараға жедел іс-сапары жайлы мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
Ослода журналистермен кездескен Столтенберг түрік астанасына іс-сапардың нақты күні келісілгенін хабарлады.
Бас хатшы аптаның басында Ердоғанмен телефон арқылы сөйлескенін айтып, әңгіме барысында Стокгольмнің НАТО-ға кіру тақырыбы да қозғалды.
"Біздің хабарымыз: Швецияның НАТО-ға мүшелігі Швеция үшін ғана емес, Скандинавия елдері, Балтық аймағы мен жалпы НАТО үшін де маңызды. Әрине, бұл Түркия мен басқа одақтастар үшін де маңызды", - деді Бас хатшы.
Ол бүгіннен бастап [2023 жылғы 1 маусымда] Швецияда терроризмге қарсы күрес туралы жаңа заң күшіне енгенін атап өтті.
"Түркияның ғана емес, Еуроодақтың және басқа да елдердің бағалауы бойынша, Стокгольм бүгінде терроризм көріністеріне, оның ішінде РКК террористік ұйымына қарсы күресті жандандыру жөнінде шаралар қабылдауда. Мен Швецияда жаңа ережелердің қабылдануын, сондай-ақ Стокгольм мен Анкара арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды құптаймын. Бұл сонымен қатар Швецияның үшжақты Мадрид меморандумы аясында өз міндеттемелерін орындағанының дәлелі болады", - деді альянстың бас хатшысы.
Столтенберг бұл ретте Түркияның қауіпсіздік саласындағы орынды алаңдаушылығын ұмытпау керектігін атап өтті.
"НАТО-дағы одақтастардың ешқайсысы Түркия сияқты жиі лаңкестік шабуылға ұшыраған жоқ. Осыған байланысты біз Түркиямен терроризмнің кез келген көріністеріне қарсы бірлесіп жұмыс істеуіміз маңызды. Одақтастардың бұл мәселедегі күш-жігерін, сондай-ақ өткен айда Швецияның терроризмге қарсы күресті жеделдету және Түркиямен ынтымақтастықты дамыту жөніндегі қадамдарын құптаймын. Швецияның Альянсқа қосылуы туралы хаттама жақын арада ратификацияланатынына сенімдімін", - деді ол.