Стратегиялық жоспарлардың нысаналы индикаторын өзгертуге тыйым салынады

592

Үкімет мәжілістің қарауына бюджет заңнамасы туралы заң жобасын енгізеді. 

Стратегиялық жоспарлардың нысаналы индикаторын өзгертуге тыйым салынады

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәжілісте өткен 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептік жиында былтыр бюджет шығыстары есебінен 344 бюджеттік бағдарламаны қаржыландыру арқылы 53 стратегиялық бағыт жүзеге асырылғанын айтты. 

"Стратегиялық жоспардың 264 индикаторына қол жеткізілді. 13 мемлекеттік бағдарлама қаржыландырылды. Соның ішінде "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында мыңдаған тұрақты жұмыс орны ашылды. Транзиттік жүк көлемі 20 млн тоннаға жуықтады. 115 шақырым жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру желілері салынды және қайта жаңғыртылды", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Министрдің мәлімдеуінше, "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша халықтың әлеуметтік осал тобына, көпбалалы отбасыларға және жұмыс істейтін жастарға 19 мыңнан астам пәтер берілді.

"Еңбек" бағдарламасы бағытында 22 мың жас техникалық кәсіптік оқумен қамтылды, 19 мың адам микрокредит пен грант алды. Алғаш рет шамамен 6 мыңға жуық жас жеке ісін ашты және кеңейтті. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындады", – деді ол.

Ерұлан Жамаубаевтың сөзінше, алдағы уақытта мемлекеттік жоспарлау жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізіледі. 

"Мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялық жоспарлардың нысаналы индикаторларын өзгертуге тыйым салынады", – деді Ерұлан Жамаубаев. 

Оның айтуынша, үкімет мәжілістің қарауына бюджет заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын енгізеді. Құжатта  стратегиялық және бюджеттік жоспарлау жүйесінің механизмдерін қайта қарау, бюджеттік инвестициялардың болжамдық экономикалық тиімділігін бағалау нормасын енгізу, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау шараларын жеткізетін операторларға қазынашылық органдарда арнайы шот ашу қарастырылған. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу