Оған дейін Алматыда тағы да ҚазҰУ-дың 1-курс студенті қаза тапқанын жаздық, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі студенттер арасындағы қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне кешенді тексеріс жүргізбек.
Министрліктің мәліметінше, университетке мониторинг тобы жіберіледі. Ол студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өмірі мен денсаулығын қорғау бағытында заңнама талаптары мен ішкі құжаттардың сақталуын тексереді. Сонымен қатар, тәрбие, әлеуметтік-психологиялық және профилактикалық жұмыстардың тиімділігіне баға береді.
Тексеру барысында жанжал жағдайларын анықтау және олардың алдын алу, студенттердің өтініштеріне уақтылы жауап беру, сондай-ақ оларға психологиялық көмек көрсету тетіктеріне ерекше назар аударылады.
Мұнан бөлек, Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасымен бірлесіп, ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына прокуратура, Полиция департаменті, кәсіби психологтер мен қоғам өкілдері енгізілген.
Жұмыс тобы Алматы қаласындағы студенттер жатақханаларына барып, түсіндірме жұмыстарын өткізеді. Сондай-ақ, студенттермен кездесіп, профилактикалық жұмыстар жүргізеді.
– Негізгі міндет – студенттер ортасында "Заң мен тәртіп" қағидатын нығайту, қауіп-қатер факторларын дер кезінде анықтау, жанжалдардың, девиантты және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, сондай-ақ студенттер үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай қалыптастыру, – делінген министрлік хабарламасында.
Тексеру қорытындысында студенттер қауіпсіздігін арттыруға және олардың арасында профилактикалық жұмыс жүйесін жетілдіруге бағытталған қосымша шаралар әзірленеді.