Студенттер үшін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы стипендия тағайындалуы мүмкін

1072

Ұлт ұстазының мерейтойына орай Париж бен Ыстамбұлда арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады.  

Студенттер үшін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы стипендия тағайындалуы мүмкін

Нұр-Сұлтанда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда университет студенттеріне қайраткер ғалымның атындағы стипендия тағайындау мәселесі көтерілді, деп хабарлайды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бұл туралы ғылыми-практикалық конференция қарарында көрсетілген.

Іс-шарада Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин ғалымның еңбегін жоғары бағалады.

"Халқымыз өз тарихында ерекше орыны бар екі тұлғаны Ұлт ұстазы деп ардақтаған. Алдымен Ұлт ұстазы деп ұлы Абайды айтамыз. Кейін Ахмет Байтұрсынұлының есімі аталады. Алаш көсемі, қазақтың біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Бұл мерейтойды ЮНЕСКО деңгейінде атап өтеміз", – деді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, осыдан бір ғасыр бұрын қазақ халқы ұлт зиялыларының бастамасымен ғалымның 50 жылдығын атап өткен.

"Содан бері тура бір ғасыр өтіп отыр. Бір ғасырдан кейін де Ахаң тағы да ұлтты ұйыстырып, ұлт зиялыларын бір жерге жинап отыр. Бұл да ұрпақтар сабақтастығының бір белгісі. Бүгін міне Ахаң аңсаған тәуелсіз елдің ұрпақтары оның 150 жылдық мерейтойында бас қосып отыр", – деді Мемлекеттік хатшы.

Ерлан Қарин Ахмет Байтұрсынұлының қазақтың ұлт болып сақталып қалуы үшін тілге айрықша мән бергенін айтты.

"Оның: "Егерде біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлауымыз керек" деген сөздері – соның айқын дәлелі. Ахаң ұлттық әліпбиімізді әзірлеп, оқулықтар жазды, тіл ғылымына түрен салды. Тілдің ұлтты сақтаудағы орасан зор маңызын жұртымыздың санасына сіңіре отырып, қазақ тілін ғылымға бейімдеді. Осы тарихи еңбегінің арқасында ол қазақ тіл білімінің атасы, ұлт ұстазы атанды. Ахаң негізін қалаған тіл ғылымы оның есімін атауға тыйым салған кеңес дәуірінде де жаппай қолданыста болды", деді Мемлекеттік хатшы.

Ол ғалымның мерейтойы әлемдік деңгейде атап өтілетінін жеткізді.

"ЮНЕСКО көлемінде және еліміздің барша өңірінде өткізілетін мерейтой шараларына баршамыз белсене атсалысуымыз керек. Парижде және Ыстамбұлда арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады. Түркістанда халықаралық конференция өтеді, басқа да жұмыстар жоспарланған. Мұның бәрінде Ахмет Байтұрсынұлының мол мұрасы мен қайреткерлік қызметі дәріптеліп, лайықты баға беріледі деп ойлаймын", деді Ерлан Қарин.

Қостанай облысындағы Ахмет Байтұрсынұлы музейінің директоры Гүлбану Сәрсекей мерейтойға ғалымның құнды жәдіргерлерін алып келгенін айтты.

"Астананың төрінде Торғай елінің тумасы, қазақ пен түркі әлемінің мақтанышы, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы 150 жылдығына орай халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр. Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрында өтіп жатқан жиынға ғалымның туған жеріндегі музейден құнды жәдігерлерді алып келдім. Осыған байланысты елорда әкімдігіне алғыс айтамын", деді директор.

Сондай-ақ халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысушы қазақ және шетелдік ғалымдар ахметтанудың қазіргі өзекті мәселелерін айта отырып, алдағы уақытты атқарылуы тиіс мәселелерді көтерді. Бұл конференция қарарынан көрініс тапты:

- Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаяндық деректерін толықтыру үшін Қазақстандағы және шетелдегі архивтерге ғылыми іс-сапарлар ұйымдастыру;

- Ғалымның толық академиялық шығармалар жинағын әзірлеу, шығару және тарату;

- Еңбектерін шет тілдеріне аудару, халықаралық кеңістікке таныту;

- "Ахмет Байтұрсынұлы" төсбөлгісін әзірлеп, тіл және жалпы қоғамдық-гуманитарлық сала мамандарына марапаттау;

- Жоғары оқу орындарының студенттері үшін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы стипендия тағайындау.

Қарар жобасы конференция қорытындысында оқылып, талқыға салынып бекітілді.

Сонымен қатар Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында өткен конференцияға мемлекеттік қызметкерлер, шетелдік ғалымдар, алаштанушылар, ахметтанушылар, тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, депутаттар қатысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу