Студенттер жасанды интеллект арқылы автомеханиктерді оқытуға арналған платформа әзірледі

219

Платформада қозғалтқыш пен беріліс қорабын виртуалды түрде бөлшектеуге болады.

Студенттер жасанды интеллект арқылы автомеханиктерді оқытуға арналған платформа әзірледі Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі телеграм

Алматы көпсалалы колледжінің студенттері жасанды интеллект көмегімен болашақ автомеханиктерді оқытуға арналған AUTO.AI цифрлық платформасын әзірледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жоба автомобиль құрылысын виртуалды ортада зерттеп, оның жүйелерін тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік береді.

Платформаны колледждің екінші курс студенттері Сұлтан Жұматаев пен Никита Шеенко жасаған.

Жобаның басты ерекшелігі – "Орбиталық гараж" деп аталатын виртуалды орта. Оның көмегімен студенттер қозғалтқыш пен беріліс қорабын бөлшектеп, әр тетіктің жұмыс істеу принципін көре алады. Сондай-ақ автомобиль жүйелерін сынақтан өткізіп, ақауларды анықтауды үйренеді.

Платформада 3D-модельдер, интерактивті тапсырмалар және білімді тексеруге арналған тесттер біріктірілген. Оқу бағдарламасы алты қысқа сабақтан тұрады. Бұл күрделі техникалық тақырыптарды көрнекі түрде меңгеріп, практикалық дағдыларды қауіпсіз ортада дамытуға мүмкіндік береді.

Жобаға колледждің өндірістік оқыту шебері Сәуле Китуева жетекшілік еткен. Қазір қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейтін платформа оқу үдерісіне енгізіліп жатыр. Ал студенттер оны жаңа сабақтармен және оқу материалдарымен толықтыруды жоспарлап отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және техникалық-кәсіптік білім беруді дамытуға ерекше мән беріп келеді. Осы бағытта еліміздің колледждерінде заманауи технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктері енгізілуде. Алматы студенттерінің бұл жобасы да жасанды интеллектіні жұмысшы мамандарды даярлауда тиімді пайдалануға болатынын көрсетеді. Студенттер заманауи технологияларды меңгеріп қана қоймай, оларды кәсіби білім беру сапасын арттыруға бағытталған нақты шешімдер әзірлеуге қолдануда. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу