Студенттер жасыл экономика мәселелерін талқыға салды

1081

Қазақстандық студенттер өздерін қоршаған ортаны қорғау министрі ретінде сынап көрді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Студенттер жасыл экономика мәселелерін талқыға салды

Болашақ министрлер климаттың өзгеруі, жаңа технологиялардың артықшылықтары мен кемшіліктері, "жасыл" қаржыландыру, инновация және тағы басқа экологиялық мәселелерді талқыға салды. 

КАЗГЮУ-де Қазақстандағы Еуропалық одақ өкілдігінің бастамасымен EU Mini Model Game іскерлік ойыны өтті. Оған елордадағы университеттердің студенттері қатысты. Олар белгілі бір экологиялық проблема бойынша өз мемлекетінің ұстанымын көрсетті. Ойын Еуропалық одақ кеңесінің жұмыс форматында өтті.

"Біз "Еуроодақ ұстанымы" деген сөзді жиі естиміз. Бүгін сол ұстанымның қалай дамығанын көрсеткіміз келді. Әрбір министр кеңес аясында өз мемлекетінің мүддесін қорғайды, бұл мүдделердің қаулыда қалай ескерілетіні тікелей өзіне байланысты. Бұл үлкен жауапкершілік. Біз экология тақырыбын таңдадық. Өйткені бұл тек Еуропалық одақ елдері үшін ғана емес, Қазақстан және Орталық Азияның басқа елдері үшін де аса маңызды. Себебі климаттың өзгеруі бәрімізді алаңдатып отыр", – Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас.

Президент жанындағы жасыл экономика кеңесінің мүшесі, Green Academy ғылыми білім беру орталығының директоры Бақыт Есекина мұндай іс-шараны өткізу маңызды екенін атап өтті.

"Еуропалық одақ елдерінде жасыл технология бұрыннан дамып келеді. Олардың тәжірибесі біз үшін өте маңызды. Түрлі университеттердің магистранттары мен  студенттері қатысқан осындай іс-шарада біз Франция, Финляндия, Балтық жағалауы елдері елшіліктерінің өкілдерін де ойыннан көрдік. Мұндай тәжірибе студенттер үшін жасыл экономикада болып жатқан үрдістерді түсінуге мүмкіндік береді. Сарапшы ретінде маған бұл диалог ұнады", – деді Бақыт Есекина.

EU Mini Model Game қорытындысы бойынша әділ қазылар алқасы үш жеңімпазды анықтады. Олар – Рахат Майкенов, Салтанат Иржанова және Аружан Рахимова. 

Жеңімпаздар Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігі атынан бағалы сыйлықтарға ие болды, ал қалған қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу